420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы көкейкесті мәселелер қалай шешілмек?

  • 115
  • UPD: 16:42, 26.11.2020

Атырау облысы инвестиция тарту бойынша елімізде бірінші орында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда аймақта экологиялық жағдай қиын. Жұмыспен қамту мәселесі де өзекті. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Махамбет Досмұхамбетов көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді.  

Жайық өзені жыл өткен сайын тартылып барады. Бұрындары орта есеппен 9 жарым млрд текше метр су келсе, биыл оның көлемі 3 жарым млрд-қа дейін азайған. Қазір су мәселесін шешу үшін мемлекетаралық деңгейде жұмыс тобы құрылған.

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– 2017 жылдан біз Жайық және Қиғаш өзендерінің табанын тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның жалпы ұзындығы 200 шақырым болады.

Аймақтың экологиялық ахуалы да күрделі. Салдарынан тұрғындар зардап шегіп келеді. Жағдайды жақсарту үшін алдағы уақытта 6 мың гектар жерге жасыл желек егу көзделген.

«Жол картасы» аясында жылына жүз мың ағаш көшеті егіледі. Табиғаттың ластануына тонналап төгілетін мұнай қалдықтары да зиянын тигізіп отыр. 

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Мұнай өндірісі болған соң мұнай қалдықтары болады. Оларды өңдеумен айналысатын 6 компания бар. Өңдеу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Жинайтын полигонға 150 мыңның үстінде мұнай қалдықтары шығарылып, өңделіп жатыр. 

Азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де өңірдегі өзекті проблемалардың бірі. Жергілікті тұрғындардың дені мұнай газ саласында еңбек етеді. Биыл атыраулық мұнайшылар 39 млн тонна қара алтын өндірген. Бұл – республикада шығарылатын шикізаттың 55 пайызы. Жақында тағы бір өндіріс орны іске қосылады. 

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Теңіз кен орны жобасы 46 млрд ақш долларын құрайды. Бұл жоба 12 лмн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. 300-ге жуық компания жұмылдырылған. 27 мың адам жұмыс істеп жатқан жобаны 2020 жылы іске қосу жоспарланған. Жобаның 80 пайызы дайын. 

Өңірде 46 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған тартылған инвестиция көлемі бойынша аймақ республикада бірінші орында тұр. Ал оқушылардың білім сапасын бағалау жүйесінде ең соңғы тізімде. Келесі жылдан бастап көштен қалған салаға серпін беру қолға алынады.    

Махамбет Досмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

– Білім сапасын көтеру үшін Назарбаев зияткерлік мектебімен 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Сонымен қатар облыста қазір 10 мектеп салынып жатыр. Біреуі апатты мектепті жоюға арналса, төртеуінің құрылысы биыл бітеді. Бесеуі келесі жылы аяқталады. 

Өңірде коронавирустың екінші кезеңіне дайындық жұмыстары аясында 2 мың төсектік 12 стационар әзірленген. Модульді инфекциялық аурухана салынып, тағы біреуінің құрылысы жүріп жатыр. 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық мекемелерде екі айлық дәрі дәрмек қоры бар деді баспасөз мәслихатын қорытындылаған облыс әкімі. 

Авторы: Шыңғыс Қалиден

Хабар 24 телеарнасы