425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетпіс жыл бұрын жойылып кеткен Балқаш жолбарысын қайта тірілту ісі қолға алынды

  • 91
  • UPD: 19:14, 13.11.2020

Балқаш атырабында 70 жыл бұрын жойылып кеткен Тұран жолбарысын қайта тірілту мақсатында ауқымды іс қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі жолбарыс тұқымын қалпына келтірудің 15 жылға арналған жоспарын құрды. Алдымен Балқаш көлінің оңтүстік бөлігінде жабайы аңдар тіршілік ете алатындай қолайлы жағдай жасалады. Қазір аймаққа Бұқар бұғылары әкелініп, жергілікті түз тағыларының қорегі көбейтіліп жатыр.

Шөлейтті, құмдауыт әрі керішті жер жағдайын білмейтін адамға бұл жерде бәрі таңсық. Әрі адасып кетуі де оңай. Ал көзі қырағы із кесуші инспекторлар бұл жердегі әрбір соқпақты жатқа біледі. Тіпті қандай көліктің қашан өткенін де тура айтады. Табиғи қорғалатын өңірде жабайы аңның түр-түрі бар: қасқыр, қабан, сілеусін, түлкі-қарсақ, қоян мен қырғауыл өз алдына. Одан бөлек, Қазақстанның Қызыл кітабына енген қарақұйрық пен бұқар бұғысы бар. Жалпы Бұқар бұғысы бұл маңда осыдан 1 ғасыр бұрын мекендеген. Кейін саны азайып, еліміздің оңтүстік өңіріңе ауады. Енді дала жануарын қайта жерсіндіру үшін көп жұмыс атқарылуда. Арнайы вольер жасалды. Қазір мұнда 20 бас бұғы мекендейді. Тағы 50 бас бұғы әкелу жоспарланып отыр. Адамнан үркек, кез келген дыбысқа секемшіл бұғыларды тек арнайы құрылғы фототұзақпен ғана көру мүмкін болды.

Алмас Садуақас, тілші:

– Тарихи деректерде Балқаш жолбарысының ақыры 1947 жылы болған делінеді. Бұл дерек жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» шығырмасында да көрсетілген. Балқаш атырабындағы сексеуіл, тораңғы, қалың қамысты мекендеген жабайы аңның көзінің жойылуына жаппай аңшылық қылу ғана емес, жалпы қорегінің азаюы да әсер еткен. Ал сонау Амур жолбарысын алдыртып, осында жерсіндіру үшін бастапқыда 100 мың гектар табиғи қорғалатын аумақ бөлінеді.

Табиғатта сібір жолбарысы немесе уссуриялық жолбарыс деген атпен белгілі жабайы аңның тұрпаты да, мекендейтін жері жағынан Балқаш шерісінікіне жақын келеді. Сондықтан жолбарыс Балқаштың қамысты нулы жеріне тез үйреніп кетуі мүмкін дейді ғалымдар. Ең алдымен мұнда 4 жолбарысты алып келу жоспарланып отыр.

Жергілікті тұрғындар мен аңшылар арасында бұған күмәнмен қарайтындар да бар. «Десе де Іле-Балқаш табиғи резерватында төрт түлікті бейберекет жаюға тыйым салынады. Ал аңшылық жасауға мүлдем рұқсат етілмейді. Соған қарамастан аң аулаушылар азаймай тұр дейді инспекторлар.

Әділ Жұмағұлов, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің инспекторы:

– Браконьерлік фактілер болып тұрады. Оларды анықтаймыз. Оларға әкімшілік немесе қылмыстық істер қозғалады. Сотқа беріледі. Биыл болды. Бір қылмыстық істі сотқа өткіздік және 20 шақты әкімшілік хаттама толтырылды.

Амур жолбарысын бұл маңға тек 2025 жылы ғана әкелу жоспарланған. Ал жалпы аумағы 400 мың гектар жерді алып жатқан Іле-Балқаш табиғи қорғалатын аумақта бұғы мен өзге де жабайы аңдардың санын арттыру үшін ең алдымен қолайлы жағдай жасалуы тиіс.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы