423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сенімсіз сауалнамаға қатысып, алданып қалмаңыз!

  • 99
  • UPD: 22:09, 13.11.2020

Сан соқтырған сауалнама. Алаяқтардың арбауына түскен елорда тұрғындары миллиондаған ақшасынан қағылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ірі сауда орталықтарында біреулердің арбауына түскен. Әлеуметтік сауалнама жүргіземіз деген желеумен адамдардың жеке мәліметін жазып алған кімдер?

Арнамызға сұхбат берген үш кейіпкер «Арт Азия» деп аталатын фирманың арбауына түскен. Алдау схемасы бір: фирма өкілдері адам қарасы қалың жерде әлеуметтік сауалнама жүргізетін көрінеді.

Асқар Мамаев, қала тұрғыны:

– Әуежайда бір қыз қасыма келіп, өзін Эйрлайнс қызметкерімін деп таныстырды. Қаншалықты жиі ұшатынымды, жұмысымды, телефон нөмірімді сұрап алды. Ойда дәнеңе жоқ, бәрін айтып бердім. Екі аптадан соң хабарласып, сыйлық ұтқанымды хабарлады. Мекенжайды айтып, белгіленген күні жұбайым екеуімізді кеңсеге шақырды. 

Олеся Богославец, қала тұрғыны:

– Сол жағалаудағы Мәңгілік ел көшесіндегі кеңсеге келдік. Бізді зор қошеметпен күтіп алды. Бәрі әдемі киінген, музыка ойнап тұрды. Демалып жатқан адамдардың видеоларын көрсетті. Бастықтары ғой деймін, біреуі сөз сөйледі. Әрбір жұптың қасында бір-бір менеджер. Бізге бекітілген менеджер қыз журналды парақтап, ұтып алған жолдама бойынша елдерді көрсете бастады. Бізге Бали түсті.

Кенжеболат Әлмұхамбетов, қала тұрғыны:

– Бірақ біраз ақша төлеу керек екен. Дәл сол кезде ондай қаржы қалтамызда жоқ еді. Үйіңізге бірге барып, алайық деді. Сөйтіп, ол қыз үйімізге дейін бірге баруға көндірді. Қалай көндірді деп әлі күнге дейін таңбыз.

Оқиғаның егжей-тегжейіне қаныққан соң, біз де әлеуметтік эксперимент жүргізуді ұйғардық. Сол жағалаудағы сауда орталығының бірінде сауалнама жүргізетін жандардың көзіне түсуге тырыстық. Көп ұзамай, сыпайы сауалнамашы сөзге тартты. Жымия күліп, шет мемлекетте неше рет демалғанымды, жасымды сұрады. Бірақ тұрмыс құрмағанымды естіген сәтте, рақметін айтып сұрақ қоюды тоқтатты. Себебін білмек үшін, жұмыс қажет деген сылтаумен сауалнама ұйымдастырған фирмаға баруға бекіндік.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Телефон арқылы алдын ала келіскен соң, міне бүгін сол фирманың кеңсесіне шақырылдық. Әрине, журналист екенімізді олар білмейді. Сондықтан түсірілімді жасырын ұйымдастыруға мәжбүрміз. Мақсат – сауалнаманы қандай мақсатпен жүргізеді және оған қандай адамдар қатысады осыны анықтау.

Біз жұмыс іздеп барған мекеме жұмысын әлдеқашан тоқтатқан «Арт Азияның» мекенжайында орналасқан. Есігі тек шақырылған адамдарға ашылады. Кеңседегі 40 минуттық әңгімеден түйгеніміз – сауалнама кезінде ұтыс ойнату туралы әңгіме қозғалмайды. Тек кім қайда демалады, отбасылық дәрежесі сынды жалпылама сұрақтар қойылады.

Мекеме менеджері түсіндіргендей, мұны кез келген адамнан сұрау қажет емес. Жасы 30-дан төмен, отау құрмаған, табысы төмен адамдар оларды қызықтырмайды. Ересек, шетелде демалуға жағдайы бар үйлі-барандылардың телефондарын іздейді. Осыны жадына сақтаған сауалнамашылар адамдарды келбетіне қарай бағалайды. Сөйтіп, туристік фирмаға қажет мәлімет қоры жасақталады.

Айта кетерлігі, «Арт Азия» да дәл осындай жолмен мәліметтер қорын құрған еді. Ең қызығы, біз барған туристік мекеме дәл сол клиенттер қорымен жұмыс істейді екен. Заңгер Төлеген Болтанов бұған нақты дәйек келтіреді.

Төлеген Болтанов, заңгер:

– Клиенттерімізге әлі күнге дейін басқа компанияның атынан хабарласып, демалғысы келе ме, тур жолдама алуды қалайма деген сияқты сұрақтар қойылады. Менің нөмірімді қайдан алдыңдар деген сауалға «Арт-Азияның» клиенттік базасы бізге өткен еді деп жауап береді. «Арт Азия» жабылған соң, клиенттерінің мәліметі екінші компанияға мұра ретінде өткен көрінеді. Клиенттер базасының бір компаниядан екінші компанияға ауысқанын басқаша түсіндіруге келмейді. 

Бұл қалай болғаны деген ресми сауалымызға фирма «Арт Азия» кейіннен «Глобал Холидейге» айналған компаниямен серіктес болғанын алға тартты. Адамдардың дербес мәліметі заңмен қорғалатынын ескерсек, «Арт Азияның» біз барған фирмаға клиенттер қорын беруге еш құқығы жоқ еді. Олай істеу үшін қос компания клиенттердің рұқсатымен үш жақты келісім жасау керек дейді заңгер. Бірақ ресми жауапхатта мұндай келісім туралы айтылмаған.

Төлеген Болтанов, заңгер:

– Белгілі компанияға азаматтардың мәлімет қоры өткен болса, соған сай клиенттерге қатысты өзге міндетемелердің бәрі де орындалуы тиіс. Яғни «Арт Азия», «Глобал Холидей» міндеттемесі сол компанияға тиісінше өтуі тиіс. Демек барлық шығынын өтеп, сот актілерін орындауға міндетті.  

«Арт Азия» фирмасының тұзағына қанша адам түскені белгісіз. Оны алаяқтық фактісі бойынша сотқа тарту қиынға соқты. Өйткені азаматтар тірнектеп жиғанын өз қолымен беріп, тіпті бұған жазбаша келісімін берген. Ал Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті аталған компанияның үстінен алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдарының басталғанын растады.   

Авторлары: Бақыт Топтаева, Вероника Боярова, Әсем Әкімжанова, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы