422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде баспана құны шарықтап кетті

  • 91
  • UPD: 22:09, 13.11.2020

Әсіресе, екінші деңгейлі тұрғын үй нарығында бағаның күрт қымбаттауы байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басында шамамен 7 миллион теңгеге бағаланған екі бөлмелі пәтер қазір 8 миллион 500 мыңнан сатылады.

Биыл Мағзуда Сәрсенованың үлкен қызы мектепті тәмәмдап, жоғары оқу орнына түскен болатын. Сондықтан шалғайдағы ауылда тұратын отбасы облыс орталығынан баспана алуды ойлаған. Алайда бірнеше жыл бойы қаражат жинап, пәтер іздеуге кіріскенде, екінші деңгейлі үйлердің құны күрт шарықтап кеткен.

Мағзуда Сәрсенова, облыс тұрғыны:

– Күнбе-күн, ай сайын пәтерлер қымбаттап жатыр. Ақтөбе қаласынан пәтерлерді тамыз айында келіп, бір жетідей жатып қарап кеттім. Ол кезде 7 млн 700 мың теңге сұрап тұрған пәтерлер 8 млн 800 мың теңге болып кеткен.

Әлемдік экономиканың құлдырауына қарамастан Ақтөбеде жылжымайтын мүлік құны соңғы жарты жыл бойы тұрақты түрде өсіп келеді. Мұны риэлторлар да растап отыр. Мәселен, маусым айында екі бөлмелі пәтер бағасы 7 миллион теңгеден басталса, қазір шамамен он миллионнан асып жығылады. Алайда мамандар бұл жайттың экономикалық негізі жоқ дейді. Үй иелерінің өздері жасанды жолмен қымбаттатып отырғандығын жеткізді. 

Айнұр Дүйісова, жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры:

– Қымбаттап тұр үйлеріміз, миллион мен үш миллионның аралығында өзгеріс бар. Негізінен қазан-қараша айларында көтеріліп кеткен бағалардың барлығы түседі деп күттік. Бірақ ешқандай өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Оған қазір не кедергі болып отырғаны.

Алдайда жаңадан салынған көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің нарығында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Бағалардың шарықтауы тек сұранысы жоғары екі және үш бөлмелі пәтерлерге қатысты. Және бұл жайттың өткен жылдан бері тіркеліп отырғандығын облыстық статистика департаменті мамандары жеткізді. Әсіресе маусым айынан бері екінші деңгейлі баспанадағы пәтерлердің әрбір шаршы метр 6,4 процентке қымбаттаған. 

Шара Нұрпейісова, облыстық статистика департаментінің басқарма басшысы:

– Өткен жылдың қазан айы мен биылғы қазан айындағы бағаларды салыстырсақ, жайлы жабдықталған пәтерлер құны 10,6 процентке қымбаттаған. Ал жабдықталмаған үйлердің әрбір шаршы метрі 1,3 процентке қымбат. 2020 жылдың қаңтар мен қазан айлары аралығындағы пәтер бағасын өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, өсім 4,3 процентті құрайды.

Сәйкесінше, өңірде қазір баспана саудасы азайып отыр. Жылжымайтын мүлік агенттіктері айына 2-3 пәтерге ғана келісімшарт жасаймыз дейді. Тұрғындардың көпшілігі бағаның төмендеуін күтуде. Алайда оның қашан болатындығын мамандар да болжай алмай отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы