423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қант диабеті: сақтану мен асқындырмау жолы

  • 123
  • UPD: 23:19, 13.11.2020

Әлемде 400 миллионнан аса адам қант диабетіне шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 735 мыңнан астамы Қазақстанда тұрады. Бұл – ресми статистика. Науқастардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі дерт көп жағдайда кездейсоқ анықталады дейді дәрігерлер. Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күні қарсаңында мамандар аурудың алдын алу туралы дабыл қақты.

Әсіресе, диабеттің ІІ типі қауіпті дейді дәрігерлер. Бірінші түрімен көбіне балалар ауырады, әрі оны анқтау қиын емес. Ал диабеттің екінші типі жылдар бойы ешқандай белгі бермей, асқына береді. Науқастар сусамырға шалдыққанын қандай да бір операция алдында кездейсоқ біледі. Асқынған ауруды ауыздықтау да қиын дейді дәрігерлер.

Ақмарал Нұрбекова, МҒД, профессор:

– Дерт кеш анықталған кезде науқастың көру қабілеті нашарлайды, бүйрек қызметі бұзылып, жүрек-қан тамыры ауруы асқынады. Сондықтан бұл жерде скринингтің маңызы зор. Жасына сай тексеруден уақытында өтсе, емді дұрыс тағайындап, науқастың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар.

Сусамыр – тұқым қуалайтын ауру. Сондықтан жақын туысы осы дертпен ауыратындар міндетті түрде қан құрамындағы қанттың мөлшерін тексертуі тиіс. Мамандардың айтуынша, ең бастысы, адам дұрыс тамақтанып, қозғалыста жүрсе, ауру айналып өтеді. Ал ертең Қазақстандағы диабет қауымдастығы онлайн-конференция өткізеді.

Руслан Закиев, ҚР диабет қауымдастығының президенті:

– Биылғы жағдайға байланысты конференцияны онлайн өткізуді жоспарлап отырмыз. Шараны ұйымдастыруға CANOFI компаниясы қолдау көрсетті. Онлайн конференция барысында сурет салудан қызықты шеберлік сабақтары өтеді.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясының балалары қатысатын онлайн-конференцияда психолог мамандар диабетке шалдыққан балаларға арнайы тренинг өткізеді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы