422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетаулық азамат кедергілерге қарамастан еңбек етіп жүр

  • 79
  • UPD: 13:18, 14.11.2020

Көкшетаулық Ержан Есполов денсаулығына қарамастан, велосипедпен тауар жеткізу қызметінде курьер боп жұмыс істейді.

Мүгедектігіне байланысты ешбір мекеме тұрақты жұмысқа алмаған соң, соңғы жылдары осылайша табыс тауып жүрмін дейді Ержан. Ерекше еңбекқор жанмен тілшіміз Дамир Берікұлы әңгімелесті. 

Ержанның күнделікті жұмысы осы. Кемінде 5-6 мекенжайға тапсырыс жеткізеді.

«Бір жақсысы: қаламыз тым үлкен емес, сол жері қуантады», – дейді еңбекқор азамат.

Дегенмен велосипедпен күн сайын ең аз дегенде 20-30 шақырымды бағындырады. Ал басында ол тіпті қораптарды жаяу тасыған.

Ержан Есполов, қала тұрғыны:

– Жаяу жүргендіктен, кішкене қиын болды. Сосын жолдасым өзінің үйіндегі велосипедін сыйлады.

Міне, содан бері екі жыл Ержан велосипедтен түскен емес. Қаланың қай бұрышы болса да, жылдың қандай мезгілі болмасын, жұрттың тапсырысын жеткізуге асығады. Велосипедті де тауар тасуға ыңғайлы етіп өзі жабдықтап алыпты. Себебі бала кезінен техникаға жақын болған.

Ержан Есполов, қала тұрғыны:

– Таңертең 9:00-де жұмыс басталады. Кешкі сағат 19:00-де жұмысым аяқталады. Ал жаңбыр кезінде жұмысымды тоқтатамын. Жаңбыр тоқтаған кезде шығып отырамын. Ал қыстыгүні жылы киініп, педальды қимылдатып жүрген кезде адамның денесі жылынады. Тоңған кезде кафеге кіріп, шай ішіп алып, әрі қарай жұмысымды атқарып жүре беремін.

Бірақ осынша еңбегі үшін Ержан жұмыс берушіден күніне небары 3 мың теңге ғана алады. Алайда бізді таңғалдырғаны: осының өзіне қанағат деп шүкіршілік етеді. Өз жұмысын сүйіп істейтін адал азаматты кездескеннің бәрі де еріксіз құрметтейді.

Елена Әубәкірова, қала тұрғыны:

– Ержанды жұмыс бабымен білемін. Бізге сәлемдеме әкеліп тұрады. Жауапкершілігі мен адамгершілігі өте жоғары жігіт. Оның шыдамдылығына тәнтімін. Денсаулығының кемшілігіне қарамастан, таңнан кешке дейін тынбай еңбек етіп жүреді.

Ержанның ендігі арманы – ақша жинап, жанармайды аз тұтынатын шағын ғана бір көлік сатып алу. Қазір күндіз-түні соның қамында жүр. Айта кетейік, еңбекқор азаматтың отбасы да бар. Бірақ белгілі себептермен олармен кездесу мүмкін болмады. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы