425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандық шебер отбасы отандық өндіріске үлес қосуда

  • 103
  • UPD: 16:53, 14.11.2020

Түркістан облысында ағаштан ою ойып, киізден байпақ тігіп, былғарыдан түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер отбасы тұрады.

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылындағы Есенқұловтар әулетінде балаларынан бастап, ата-анасына дейін қолөнермен айналысады. Он саусағынан өнер тамған ерекше отбасының кәсібі жайында тілшіміз сабақтайды.

«Әйел барлық нәрсеге қабілетті болуы керек. Бала тәрбиелесе де, ас әзірлесе де, тіпті қолөнермен шұғылданса да». Бұл – он саусағынан өнер тамған Ақмарал Есенқұлованың пікірі. Ісмер келіншек алғашында сурет салумен айналысқан. Қазір үйінің әр бөлмесі музей сияқты. Ұлттық бағыттағы өнер туындылары көздің жауын алады. Құрақ құрап, сырмақ та тігеді. Қазір қой мен түйе жүнінен сырт киім және былғарыдан қол сөмке тігуді қолға алған.

Алмагүл Есенқұлова, Ақдала ауылының тұрғыны:

Қой мен түйенің жүнінен түрлі көрпелер, күздік пальтолар, аяқ киімдер тігемін. Базарда былғарыдан қол сөмкелерін 10 мыңға дейінгі бағада сатып аламыз. Бірақ оның өзі көпке шыдамайды. Қаншама ақшаны шетелге жіберіп жатырмыз. Қой мен түйе жүнін өзімізден алсақ, ал былғарының бәрін Түркиядан аламыз. Өйткені сөмкеге қажетті заттың біреуі де бізден шығарылмайды екен.

Ісмер келіншек қазір бізді әлем киіндіріп жатқанын айтады.

«Неге біз өзімізді-өзіміз киіндірмеске? Бізде шикізат та барлығы бар. Бірақ соны өңдейтін, өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы», – деп күйінеді. Сондықтан мемлекет тарапынан шикізатты терең өңдеумен айналысатын азаматтарға көбірек көңіл бөлінсе екен деген ұсынысын жеткізді.

Биыл Алмагүлдің өзі де «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы 555 мың теңге грант ұтып алған. Оған заманауи тігін мәшинесін сатып алыпты. Ендігі арманы – кәсібін кеңейтіп, төлөнерді жастарға үйрету.

Алмагүл Есенқұлова, Ақдала ауылының тұрғыны:

Қолөнер несімен құнды деген сұрақ туындайды. Ондай кезде қызғаншақтық, көреалмаушылық, біреуге қулық жасау деген сияқты жат қасиеттен аулақ болуға үйретеді деп айтар едім. Себебі шебер не жасаса да, бүкіл махаббатын соған арнайды. Ал махаббатпен жасалған дүние басқаға да ұнайды. Сондықтан оның басқа ой ойлайтын мұршасы да жоқ. Бүкіл назары затқа ауады. Мен қолөнерді сонысымен құнды деп айтар едім. Қазіргі жастарды мүмкіндігінше қолөнерге тартып, дамытқым келеді.

Есенқұловтардың отбасы мүшелерінің барлығы ұста. Мәселен, әкесі тастан түрлі заттың мүсінін жасап, үйінің ауласын гүлдендіріп қойған. Ал кіші ұлы – ағаш шебері. Жаңғақ, Қаратал, Шынар ағашынан ыдыс-аяқ пен домбыраның неше түрлісін жасайды.

Ерболат Жанша, Ақдала ауылының тұрғыны:

Мына домбыраның шанағы қарағаштан, пернесі ғана шынар ағашынан. Бүтіндей шабылған домбыра. Сырты қазақи оюлармен нақышталған. Карантинге дейін сұраныс өте жақсы болған. Карантинде сәл бәсеңдеді. Қазір қайтадан қалпына келіп жатыр. Сұраныс жақсы.

Ерболаттың негізі мамандығы – бағдарламашы. Бірақ қолөнерді жастайынан серік еткендіктен, атакәсіпке түбегейлі ат басын бұғанын айтады. Былтыр «Жастар жылы» аясына өткізілген байқауға қатысып, 3 млн теңге грантқа қол жеткізген. Оған өзіне қажетті құралдар сатып алып, шеберханасын жабдықтапты. Болашақта мектеп ашып, қолданбалы өнерді өзгелерге де үйретемін дейді. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы