422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда ЖИТС жұқтырғандар саны көбейді

  • 85
  • UPD: 19:31, 14.11.2020

Жыл басынан бері Павлодар облысында 249 адам жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромына (ЖИТС - AIDS) шалдыққан. Олардың 51,5 проценті нашақорлыққа шалдыққан адамдар. Мамандар бұған жасанды есірткі заттарының кең таралуы себеп болғанын айтады. 

ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының мамандары аурудан сақтану жолдарын белсенді жастармен талқыға салды. ВИЧ инфекциясының алдын алу жұмыстары онлайн режимде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы тектес семинарларға 2 мыңдай оқушылар мен студенттер қатысқан.

Нұрбол Оразов, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес  орталығының  инфекционист-дәрігері:

- Павлодар облысында есірткіге тәуелді адамдар арасында ауру жұқтыру көрсеткіші артып отыр. Бұл індетке шалдыққандардың шамамен 58 проценті. Бұрын жыныстық қатынас арқылы көп таралатын. Ал анадан балаға жұғу дерегі қазір өте сирек кезедеседі, тіпті жоқ деуге де болады.

Владислав Иванищев психикалық денсаулық орталығында алты жыл жұмыс істеп келеді. Тәжірибелі нарколог жастарға синтетикалық есірткінің қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

Владислав Иванищев, нарколог:

- Қазір жасанды есірткі заттары кең етек алып барады, бұл «спайс» пен «скорость». Қазір міне «скорость» тез тарап жатыр. Оны кейбір жастар инемен тамырға салады.  

Мына  жігіттің жасы қырықта. Жеті жыл бойы есірткіге тәуелділіктен арыла алмаған ол, дәрігерлерге үміт артып отыр.  

Нашақор:

- Өзімді өзім жеңе алмай осында келіп емделемін. Қолымнан келер қайран жоқ. Бәріне өкінемін. Дәрігерлер көмектеспесе әлдеқашан өліп қалар едім. Айтайын дегенім, мен ешқашан біреудің инесін қолданбаймын.

Психикалық денсаулық орталығында өз еркімен келген 40 адам емделіп жатыр. Есірткіге тәуелділердің «бөтен инені қолданбаймын» деуіне мамандар   иланбайды.

Владислав Иванищев, нарколог:

- Токсикомандар мен нашақорлар мас кезінде не істеп, не қойғандарын білмейді. Олар топ болып жүреді. Бір инені ортақ қолданған кездері болып жатады. Біреуі ауырса қалғандарына да  жұғады. 

«Жұқпалы иммунитет тапшылығы синдромы мен есірткіге тәуелділікті бөліп қарауға болмайды» дейді мамандар. Облыста қазір ЖИТС-ке қарсы күрес айлығы жүріп жатыр. Ақпараттық-танымдық шаралар бір ай бойы онлайн режимде өтеді. 

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы