422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында өртенген аурухана халыққа қызметін тоқтатқан жоқ

  • 90
  • UPD: 20:42, 14.11.2020

Қостанай облысында өрттен зардап шеккен аурухана халыққа қызмет көрсетуін тоқтатқан жоқ. Ғимарат қалпына келтірілгенше дәрігерлер көрші емханаға көшірілді.

Мұнда тұрғындарға қажетті медициналық көмекке бар жағдай жасалған. Осы аптада Фёдоров аудандық ауруханасының шатыры бүтіндей өртеніп кеткен. Оқыс оқиғаға байланысты науқастар мен дәрігерлер шұғыл эвакуацияланды. Қазір елді мекенде техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

Құрылысшылар аурухана шатырын ауыстырып, өртенген лифт шахтасын сүріп жатыр. Бұған дейін құрылыс қалдықтарын жойған. Ғимарат ішінің жануына жол берілмесе де дәліздегі күйіктің иісі әлі қолқаны қабады. Үстіңгі қабатты су басқаны болмаса құрал-саймандар бүтін. 

Антон Банашко, апаттық-құтқару жасағының өкілі:

- Кешқұрым пайда болған өртпен халық болып жұмыла күрестік. Біздің міндетіміз өрт сөндірушілерді сумен қамтамасыз ету болған. Кабинеттерді аралап барлық медицина жабдықтарын, жиһаздарды шұғыл түрде сыртқа шығардық. 

Апат болған түні адам шығыны болған жоқ. Науқастар небәрі жеті минут ішінде эвакуацияланды. Операциядан кейін және аяғы ауыр 6 адам сол мезетте жедел жәрдеммен Қостанайға жеткізілді. Қазір аурухана ұжымы көрші тұрған емхана ғимаратына көшірілді. Тұрғындарға медициналық қызмет қалыпты режимде көрсетіліп жатыр. 

Мылтыққали Сырғабаев, Федоров аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Хирургия екінші қабатта, акушерлік-гинекология, терапия бөлімшесі бірінші қабатта. Сығылысып, сығылысып, бірақ сонда да жұмыс істеп жатырмыз. Сейсенбі-бейсенбі бізде жоспарлы операция күндері. Біз кеше бейсенбі күні өз қалпымызбен операция жасадық. 

Аурухана төбесін жыл соңына дейін қалпына келтіреміз деп отыр жергілікті билік. 

Рамиль Валеев, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі кезде шатырдың өзі құрылыс жұмыстарына толығымен дайын. Үшінші, екінші қабаттардағы үй-жайлар жиналып, барлық құрал-саймандар басқа жерге ауыстырылып дегендей. Бас мердігер келіп ғимараттың күйін қарастырып көріп, оған талдау жүргізіп енді құрылыс материалдарын әкеліп өз жұмыстарын бастады. 

Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Келтірілген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп жатыр. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мүхамедияров

Хабар 24 телеарнасы