425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда зағиптарға арналған киелі жерлер картасы жасалды

  • 90
  • UPD: 09:50, 15.11.2020
Павлодарда зағиптарға арналған киелі жерлер картасы жасалды

Павлодарда әлеуметтік туризмді дамыту жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Біз тұратын өлке» атты рельефтік-графикалық форматта жарық көрген киелі жерлер картасы зағиптарға арналған. Ол үйінен ұзап шыға алмайтын кембағал жандарды туған өлке тарихымен таныстырады. Жуырда мамандандырылған облыстық кітапхана қоры бедерленіп жасалған Мәшһүр Жүсіп мешіті және Жасыбай көлінің макетімен толықты. Қолөнер туындысы АП-162/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың қолынан шыққан. Олар бұған дейін мамандандырылған мектеп-интернатына тактильді әліппе сыйға тартқан еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапхана қызметкерлері өңірдің қасиетті жерлері туралы мәліметтер топтамасын да құрастырып отыр. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың аудио нұсқасы бар. Бедерлі суреттер, тактильді мәтін мүмкіндігі шектеулі адамдардың оқуына өте қолайлы. Ал француздық тифлопедагог Валентин Гаюидің мүсіні зағиптарға тосынсый болды. Жалпы бұл кітапхананың құрылғанына биыл елу жыл толып отыр. Оқырмандар саны үш мыңнан асады.

Нұрия Көбенова, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бөлім басшысы:

– Зағип жандар өздері картадан қарап немесе макеттерді қолмен ұстап көргеннен кейін олар Жасыбай көлін, Мәшһүр мешітінің макетін көрсе де түсіне біледі.

Хабар 24 телеарнасы