425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде үйінің шатыры ортасына түскен кейуанаға қайырымды жандар көмекке келді

  • 150
  • UPD: 10:28, 15.11.2020

Ақтөбелік зейнеткердің баспанасы көктемнен бері пана болудан қалыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төбесі қирап қалған соң, жалғызбасты жанның өміріне де қауіп төнген. Шарасыз әжей жергілікті биліктен бірнеше рет көмек сұрағанымен нәтиже болмаған. 

Бұл үйге Рәзия Башимова отағасымен бірге 1981 жылы көшіп келген. Жұбайы көзі тірісінде баспанасын жыл сайын жөндеп тұратын. Алайда осындан 15 жыл бұрын дүниеден өтіп, барлық тұрмыстың бейнеті зейнет жасындағы Рәзия әжейдің мойнына жүк боп артылады. Әр көктем сайын шатырын лекерлеп келгенімен, биыл әбден ескірген тақтайлары опырылып түсіпті. Амалы таусылған қария түрлі құзырлы органдардан көмек сұраған.

Рәзия Башимова, қала тұрғыны:

- Жалғыз өзім істей алмаймын. Әкімдіктен келеді, көшіреміз дейді. Содан жоғалып кетеді. Үйдің формасын көрсетті. 2018 жылғы құжатты жинаңыздар, сонымен көшіреміз деді. Құжатты апардық, жоқ әлі.

Лажы таусылған зейнеткерге көмекке қайырымды азаматтар келген. Үш ағайынды жігіт шатырын түгелімен жаңартып, қыс келгенше жөндеу жұмыстарын тәмамдауды көздейді. Игі іске кіріскен жандар бұл шешімі туралы жарияға жар салғылары келмеді. Тек қана егде жасқа жеткен әжейге құл ұшын тигізсек жеткілікті дейді.

Жергілікті волонтерлердің әлеуметтік желілерінде жалғызбасты қарияға қаражат жинау туралы хабарлама жазылған. Күнделікті ондаған азамат қаржы аударып жатады. Бұл ақша құрылыс материалдарын сатып алуға жұмсалады..

Екатерина Голотина, волонтёр:

- Қария расында да қиын жағдайға тап болған. Айдың күнінің аманында далада қалып отыр. Жақындары да жоқ. Сондықтан дереу әлеуметтік желіге жарияладық. Көмекке келген барлық қала тұрғынына алғыс айтамыз. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң волонтерлерді жинап үйдің ішін толығымен тазалап ретке келтіріп береміз.  

Жарты жылға жуық шатырсыз қалған баспанадағы жиһаз да пайдалануға жарамсыз. Сондықтан волонтерлер әлі де болса көмек қажеттігін айтып отыр.

Мансұр Есқожин, Айсұлу Махмутова, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы