422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде баспанасыздар әлеуметтік орталықтан орын тапқан

  • 76
  • UPD: 19:10, 15.11.2020

Ақтөбеде кейінгі бір апта ішінде баспанасыз жүрген оннан астам жан арнаулы әлеуметтік орыннан пана тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар – 40-тан асқан ер азаматтар. Қазір орталық мамандары жаңадан келген адамдардың құжаттарын қайта қалыпқа келтіріп, жұмысқа орналастыруды көздеп отыр.

Қанат Сүлейменов бұл орталыққа жиі бас сұғады. Жасы 60-тан асқан азаматқа осыдан 4 жыл бұрын әлеуметтік мамандар құжаттарын рәсімдеп берген. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа қосылып, ай сайын тұрақты табыс та тауып отырған. Алайда артынша қайтадан панасыздар мекеніне оралыпты.

Қанат Сүлейменов, Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығының тұрғыны:

– Бірінші рет 2017 жылы түстім. Құжаттарым жоқ еді. Көмектесіп, оны жасап берді. Сосын бір шаруалармен кетіп қалдым. Баратын жер жоқ болған соң, осында қайтып келдім. Мынаның ішінде жақсы. Бәрі таза. Тамақ береді. Жұмыспен де қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік орталық негізінен баспанасыз, жалғызбасты мүгедек жандарға және абақтыдан бостандыққа оралып, барарға жер таба алмаған азаматтарға пана береді. Медициналық, психологиялық және құқықтық қолдау да қарастырылған. Тиісті тексеруден өткен соң тұрғындар қарттар мен мүгедектер үйі сияқты өңірдегі өзге де әлеуметтік орындарға жөнелтіледі. Қазір бұл нысанда 65 адамға орын бар. Алайда қыс келе бас сауғалап, келушілер саны күрт артады.

Райса Дармышева, әлеуметтік қызмет маманы:

– Даланың салқындығына байланысты баратын жерлері болмағандықтан, келушілер саны күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Тұрмыстық-әлеуметтік көмек  яғни, жатын орны менен тамақ беріледі. Сонымен бірге медициналық көмек көрсетеді. Барлығы медициналық тексерістен өтеді. Егер ауру анықталса, стационарға немесе емханаларға жіберіледі.

Бірнеше күн түнеп шығамын деушілерге арналған орындар қазір лық толы. 2014 жылы ашылған бұл бөлімше 20 адамға есептелген. Негізінен орталықтың тәртібіне көнбейтін азаматтар осы жерде. Полицейлер мұнда көше кезіп жүрген баспанасыз жандарды да жиі жеткізіп отырады. 

Гүлмира Шитанова, облыстық ПД ресми өкілі:

– Қараша айының 11-і мен 14-і аралығында қабылдау-тарату орталығына 146 үйсіз адам жеткізілді. Олардың тек бесеуі ғана орналастырылды. Қалған 141 адам жеке басы мен тұрғылықты жері анықталғанына байланысты орналастырылған жоқ.

Қазір ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта 56 тұрғын бар. Бірақ мамандар олардың саны әлдеқайда артады деп отыр. Бұл – қыс мезгіліндегі дағдылы құбылыс. Көктем келе баспанасыз жандар қала көшелеріне қайта оралады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы