420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресейден әкелінген көліктің әлегі көп

  • 528
  • UPD: 08:19, 16.11.2020

Ресейден арзан көлік әкелгендердің арасында құжаты дұрыс болмай әлекке түскендер көп. Тіпті екі-үш жылдан кейін Ресейден іздеуші келіп, кейбір темір тұлпарды Қазақстандағы иесінен тартып алған. Дәл осылай қулығына құрық бойламайтын алаяқтар түрлі құйтырқы жасап, қанша адамды сан соқтырды. 

Қуаныш Қарсыбаев 2016 жылы көлік іздеп, көңілінен шыққан темір тұлпарды Талдықорғаннан табады. Сөйтіп, пәленбай мың теңге ақшасын төлеп, сатып алады. Еш қиындықсыз құжаттарын рәсімдейді. Сол кездегі иесі қымбат көлікті бір жыл бұрын Ресей азаматынан алғанын айтқан. Қуаныш бұл көлікпен алаңыз үш жыл жүрді. Кейін оны ұрланған көлік ретінде іздеуде тұр деп полиция тәркілеген. 

Қуаныш Қарсыбаев, қала тұрғыны:

- Көшеде тоқтатып, жедел топты шақырды. Мен әрине көлігімді беріп қойып қарап тұрам ба? Олардың қолында ешқандай дәлел жоқ. Бір көлікке іздеу жарияланғандығы туралы құжаттың көшірмесін көрсетеді, болды. Ақыры эвакуатор шақырып, көлігімді алып кетті. Сөйтсем менің мініп жүрген көлігім Ресейде іздеуде тұрған екен. Ешқандай соттың шешімінсіз көлігімді біреуге беріп жіберді. 

Мұндай жағдай кейінгі кезде мүлде көбейген. Әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ аясында көліктердің еркін қозғалысына рұқсат берілгеннен кейін алаяқтар түрлі қулық шығара бастаған.

Максим Шелков, «Автокриминалист» сарапшылар орталығының басшысы:

- Мәселен, Ресейде автокөлікті уақытша немесе жалған заңды тұлғаға рәсімдейді. Көбіне лизинг немесе несиеге алады. Алғашқы екі ай қарызды уақытылы қайтарып отырады. Кейін жаңа көлікті шекараның арғы жағына өткізеді. Мәселен, Қазақстанға делік. Ол жақта көліктің заңдылығын тексергенде бәрі дұрыс. Сосын олар өздеріне рәсімдеп алады. Ал алаяқ Ресейдегі лизингті төлемей қояды. Банк көлікті тартып алайын десе жоқ. Сосын іздеу жариялайды. 

Нәтижесінде алаяқтықпен келген көліктің соңғы иесі Қуаныштың күйін кешеді. Яғни тірнектеп жиған ақшасына алған темір тұлпардан бір-ақ күнде айырылуы мүмкін. Қазақстанда тіркелмеген, яғни ресейлік номермен жүрген көліктерге қатысты да түрлі алаяқтық бар. Көбінде көліктің заңды иесі екенін растайтын құжат жоқ. Тек сақтандыру полисімен жүргізеді. Егер Ресейдегі иесі «көлігім жоғалды» деп арыз жазса, кез келген уақытта тартып алуға құқығы бар. 

Жанат Жүсіпбеков,әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

- Біздің азаматтар көлікті техсақтандыру полисімен ғана сатып алып, сонымен жүр. Бірақ түрлі жағдай бар. Жол апаты, сақтандыру полисінен төлем алу немесе көлік белгілі бір себептермен айыппұл тұрағына қамалса, оны иесінен басқа ешкім шығарып ала алмайды. Сақтандыру полисімен машинаны алып кетуге болмайды. Сондықтан әрбір адам осындай жағдайларды ойлап, мұның заңды, заңсыз екенін анықтап алғаны абзал. 

Екі ел арасында жүріп, талайды сан соқтырған аляқтардың жолын кесудің жалғыз амалы ортақ база құру дейді сарапшылар. Онда қазіргідей іздеу жарияланған көліктер ғана емес, банкте кепілдікте тұрған немесе сатуға тыйым салынған темір тұлпар туралы ақпарат енгізілуі тиіс. Ол қос елдің мемлекеттік органдарына қолжетімді болуы керек. 

Талғатбек Әбдіқожа, Дана Нұржан, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы