425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада әйелдерді тонаған ер адам қамауға алынды

  • 89
  • UPD: 12:08, 16.11.2020
Елордада әйелдерді тонаған ер адам қамауға алынды

Елордалық полиция қызметкерлері 18 жастағы қызға шабуыл жасаған 60 жастағы ер адамды ізін суытпай ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Жәбірленушінің айтуынша, оқиға сағат 22:00-де болған. Белгісіз ер адам қыздың артынан жүгіріп келіп, жерге құлатпақ болған және қолынан ұялы телефонын тартып алғысы келген. Көмек сұрап айқайлаған қыздың даусы өтіп жатқан адамдардың назарын аударған. Қылмыскер қорыққаннан оқиға орнынан қашып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Полиция тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ұсталған адамның белгілері бұрын екі әйел адамға шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен тонаушыға ұқсайтынын анықтады.

Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, кешке үйіне келе жатқанда белгісіз адам басынан бірнеше рет ұрып, қолынан ноутбугын, жеке заттары салынған сөмкесін, ұялы телефонын тартып алған. Содан соң белгісіз бағытта жасырынып кеткен. Екінші жәбірленушінің айтуынша, үйіне қайтып келе жатқанда қарама-қарсы келе жатқан ер адам қасынан өтіп кетіп, кенеттен артқа қайтқан. Одан соң ұялы телефонын тартып алған.

Ұсталған адам Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты. Ол жасаған іс-әрекетін мойындады. Жәбірленушілердің бірінің ноутбугын және жеке заттарын жерге көміп тығып қойған.

Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы