423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында жедел жәрдем қызметі 96%-ке жаңартылады

  • 74
  • UPD: 14:40, 16.11.2020
Түркістан облысында жедел жәрдем қызметі 96%-ке жаңартылады Inform.kz

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев журналистерге арналған баспасөз конференциясында коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына белсенді дайындық барысында аймақтағы медициналық ұйымдарында материалдық-техникалық базалардың барынша жасақталғанын айтты.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аймақта өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 46,4%-ке артқан. 8 аурухананың жанында оттегі станциялары орнатылды. 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 95%-ке артып, 900-ге жуықтады.

«Емдеу мекемелерінде ашылған 10 зертханада Covid-19 инфекциясын анықтау үшін тәулігіне 5000 сынама алу мүмкіндігі бар. Облыстың шалғай ауылдары 12 жылжымалы медициналық кешенмен және жедел жәрдем станциясының паркі 13 реанимобильмен толықты. Облыстық жедел жәрдем қызметін жыл соңына дейін тағы 122 автокөлікпен жабдықтау көзделген. Оның 43-і жеткізілді. Бұл медициналық жедел жәрдем қызметі паркін 96%-ке жаңартуға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Коронавирус індетімен күреске жұмылдырылған 5000-ға жуық медицина қызметкеріне жұмыс уақытын есепке алу деректерінің негізінде 7,2 млрд теңге қаржылай үстемеақы төленді. Сovid-19 инфекциясымен күресте көз жұмған 16 медицина қызметкерінің туған-туыстарына 10 млн теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ коронавирус індетін жұқтырған 182 денсаулық сақтау саласының қызметкері 2 млн теңгеден мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алды.

Хабар 24 телеарнасы