423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе облысында тағы бір ауыл көгілдір отын желісіне қосылды

  • 104
  • UPD: 23:58, 16.11.2020

Табиғи газ Алға ауданына қарасты Болгарка елді мекеніне жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде өңір тұрғындарының 95 проценті қамтылып отыр. Жыл соңына дейін мұндай қуанышты жаңалық Сарықобда ауылына жетеді.

Бір ғасырдан астам тарихы бар Болгарка ауылында қазір 500-ге жуық халық тұрады. Жақын уақытта ондағы адам саны артуы тиіс. Себебі ауылға көгілдір отын жетті. Марина Маринова бұл жаңалықты естіген сәттен елді мекенге үй іздеп келетіндердің жиілегенін айтады. Мұндағы ауыл тұрғындары үшін от жағып, күл шығару бейнетін айтпағанда, көмірдің өзіне қомақты қаражат жұмсалатын.

Марина Маринова, Болгарка ауылының тұрғыны:

– 150 мың ақша кететін еді. Кәдімгі тезекті де жақтық, қара көмірді де жақтық. Енді қиындықтан құтылып отырмыз. Көптен күткен арманымыз орындалды. Көгілдір отынымыз үйлерімізге келді.

Болгарка ауылына дейінгі 20 шақырым газ құбырының құрылысы 24 қыркүйек күні басталған. «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының инвестициялық бағдарламасы аясында 235 миллион теңге қаражат, бір жарым ай уақыт жұмсалды. Көгілдір отыны жеткен алғашқы күні-ақ 9 үй орталық желіге қосылған.

Әсет Әбіляшев, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының орынбасары:

– Қосылу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Үйлердің газ тарату желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 56 келісімшарт бар қазіргі таңда. Соның ішінде 40 үйге құрылыс-монтаждау жұмыстары бітірілді.

Табиға газды жеткізумен қатар, газ мамандары әр үйге газды қолдану қауіпсіздігі жазылған нұсқаулықтарды да таратып шықты. Газды қолдануда абай болу қажеттігі әр тұрғынға ескертілді. Жыл соңына дейін Алға ауданының Сарықобда ауылына салынып жатқан құбыр құрылысы аяқталуы тиіс. Нәтижесінде тағы 92 үй мен 3 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қол жеткізеді. Ол үшін ұлттық оператор қаражатынан 195 миллион теңге инвестициялық қаржы бөлінді.

Бұған дейін облыс төңірегінде көгілдір отынға мұқтаж болған 323 елді мекеннің қазір 128-іне газ құбырлары жүргізілген. Яғни облыс тұрғындарының 95 проценті газбен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 процентке арттыру жоспарланған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы