422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда азық-түлік қымбаттады

  • 60
  • UPD: 09:47, 17.11.2020

Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 11%-ке өсіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, макарон, сұйық май және тоң майдың бағасы 17, ал сүт өнімдері мен жеміс-жидек құны 11%-ке артқан.

Қауіпті індет қызметтен қағып, қаражат жағынан қысқан уақытта азық-түлік құнының қымбаттауы қиындық тудырары рас. Ауру адым аштырмай тұрған кезде мал еті мен құс етінің құны 6%-ке артыпты. Қаңтарда бағасы 285 теңге болған сүт қарашада 320 теңгеден бір-ақ шыққан. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша жыл басында келісі 200 теңгеге бағаланған қанттың құны қазір 280 теңге болып отыр. Бағаның шарықтауы мұнайлы өңір тұрғындарын да алаңдатады.

Айдың басында кішкене арзандау болған. Осы айда кәдімгідей қосылған. Білдірмей қосып жатыр. 50 тг, 100 тг-ден. Жеміс жидектер бірден қымбаттап кетті. Ұн тағамдары кішкене қымбаттады

– Көп алатынымыз: ұн, сұйық май сияқтылар. Олардың бәріне күнде қосылып жатыр. Қант, шай дегендер адам күнделікті пайдаланатын заттар ғой. Соның бәрінде қымбатшылық. Қазір құны жоқ. 10 мың теңгеге ештеңе ала алмаймыз. Тек қана кішкентай бір пакетпен қайтамыз. Әуелде 10 мыңға 2 пакет толтырып алатын едік қой.

– Ұн қымбатады. Ет те бар. Бұрын 10 мың теңгеге көп тамақ алатын едік, қазір ештеңе ала алмайсың.

Биыл облыстық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мақсатында 780 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда оның тең жартысы шаһардағы белгілі бір сауда желісіне қайтарымды негізде беріліпті. Дегенмен дегбірді қашырған қымбатшылыққа тосқауыл қойылмай отыр.

Зәуреш Баймұқашева, облыстық Статистика департаментінің басқарма басшысы:

– Атырау облысы бойынша қазан айын өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда азық-түлік тауарларына баға өсімі 10,8% байқалды. Оның ішінде ең жоғары өсім көрсеткен өнімдер – ұн және жармалар. Олардың құны 30-40%-ке дейін жоғарылады. Өсімге көбінесе жергілікті тауарлар болмағандықтан, басқа қаладан әкелу әсер етті. Яғни тауар жеткізушілерге байланысты.

Соңғы айда жұмыртқа бағасында да өсім байқалады. Сөрелерде тұрған С-2 санатындағы жұмыртқалар – өзімізден өндірілетін өнім. Десе де бір данасы орта есеппен 33-35 теңге болады. Ал еліміздің солтүстігінде құстардың қырылуына байланысты сырттан тасу әлі мүмкін болмай отыр. Жауаптылардың сөзіне сенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына уақытылы мониторинг жүргізіледі.

Мейрамбек Аухадиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Екі түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамына, атап айтқанда, картоп және жұмыртқа өніміне өсім байқалып отыр. Бұл аталған екі өнімге қолданыстағы заңнамаға сәйкес шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Қазір тұрақтандыру қорында 600 тоннадан астам өнім бар. Желтоқсан айынан бастап жауапты мамандар сол азық-түліктерді сатылымға шығармақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы