422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазалылықтар қауіпті көпірмен қатынап жүр

  • 80
  • UPD: 09:39, 17.11.2020

Қызылорда облысы Қазалы ауданының тұрғындары Сырдарияның суы тасып аласұрса да, су деңгейі түсіп кетсе де, қобалжи бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өзен бетіндегі қалқымалы Қарлан көпірі істен шығады. Сол кезде дарияның арғы бетіне қоныс тепкен 10 мыңдай адам үшін аудан орталығымен қатынас үзіледі. Ондағы жұртшылық 15 жылдан бері жергілікті биліктен көпір салып беруді сұрап келеді. Бірақ көптің тілеуі орындалатын күн алыс секілді.

Қыста мұз қатқанда, көктемде ол мұз көбесі сөгілгенде және жазғытұры мол су келгенде қалқымалы көпір алынып тасталады. Содан дарияның арғы бетіндегі 10 шақты ауылға қатынайтын көлік біткен өткелсіз қалады. Аудан орталығына жету үшін амалсыздан шалғайдағы айналма жолмен жүруге тура келеді.

Мұхаммед Сансызбай, Қожабақы ауылының тұрғыны:

– Басықараның жолымен екі арнаның ортасында адамдар үрейі ұшып барады. Айналған жер – 30 шақырым. Екі машина қапталдап сыймайды, бір-бірін күтіп, қорқақтайды. Ауылдың жолын асфальттап жатыр.

Боранбай Жалғасбек, Өркендеу ауылының тұрғыны:

– Көктем мен күзде аласапыран боламыз. Сосын жаз айларында да судың көбеюіне байланысты өткел жоқ. Неше жылдан бері қалқымалы көпірмен өтіп келе жатырмыз. Бізге заңды тұрғыда үлкен көпір керек. «САРАТС» жобасына қосылып кетті деп неше жылдан бері айтылып келе жатыр.

Жібек Қаражанова, Қожабақы ауылының тұрғыны:

– Мынау көпірден ақыретті көріп жүрміз. Аурухана, емханадан жедел жәрдем қатынаған кезде қиын. Осы жерде былтыр бір келіншек қайтыс болды. Ауылдан шыққанда автобусқа ауырып тұрып мінген. Осы жерге келгенде қан қысымы көтеріліп, миына қан кеткен. Жолдың азабын, қиындығын тартып келе жатырмыз.

80 мың тұрғыны бар Қазалы ауданының 60% егіндік жері сол дарияның арғы бетінде. Көне Жанкент қалашығын көруге келген туристерге де осы өткелден өткен ыңғайлы. Ұзындығы 50 метр болатын қалқымалы көпір қауіпті, оған қоса ақылы.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Осы көпірден жеңіл көліктер 100, автобустар 200, ал жүк көліктері 250 теңге төлеуі тиіс. Осыдан 5 жылдай уақыт бұрын ұн тиелген ауыр жүк көлігі дарияға құлап кеткен. Ал 2018 жылы қалқымалы көпірдің өзі сең жүргенде су астында қалған.

Жасұлан Сыдықов, Қазалы аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– 2018 жылы техника-экономикалық негіздемесін дайындауға темір-бетонды көпірдің облыстық бюджеттен 20 млн тг қаралды. ТЭН алынып, сараптама өткізілді. Бұл жөнінде қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстарына 95 млн тг белгіленді. Биыл осы жұмыстарды бастауға облыстық бюджеттен 15 млн тг қарастырып отыр. Келесі жылы қалған қаржысы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамадан өткізіледі деп жоспарланып отыр.

Қалқымалы көпірдің үлкен өткелге айналуына әлі кемінде 2-3 жыл керек сыңайлы. Ал әзірге құрғақ уәдеге тойған 10 мыңдай тұрғын сол арманның жетегінде әупірімдеп қыл көпірмен қатынауға мәжбүр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы