420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр

  • 89
  • UPD: 09:42, 17.11.2020

Түркістан облысының Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологиялар енгізіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта топырақ қабатының 30%-ті сортаң жерлерге айналуға бейім. Бірақ шаруалар бұл қиындықтарға қарамастан, бақша және астық тұқымдас дақылдарын өсіріп отыр.

Отырар ауданының жері ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге аса қолайлы емес. Мамандар мұны жер асты суларының көтерілуімен байланыстырады. Сортаң жерден мол өнім алу мүмкін еместей көрінетіні рас. Дегенмен істің орайын тапқан шаруалар қандай қиындықты да еңсеруге дайын. 

Хасен Мұсаев, шаруа қожалығының агрономы:

– Жылына 35 см-ге дейін жер аударамыз. Астыңғы жағындағы 10 см жер қатып қалады. Ол жерден су жақсы өтпейді, тыныс алу жағдайы жоқ. Сол үшін біз алдымен жерді тереңге қопсыту амалын орындаймыз. Оны 4-5 жылда бір жасаймыз. Одан кейін жер жыртудан алдында 380-400 кг фосфорлық тыңайтқыштарды беріп жатырмыз. Бұл тыңайтқышты қолданбасаңыз, жерден өнім алу қиын.

Құрамында фосфор бар препарат топырақтану институтында дайындалыпты. Ол тұқымның тұзды жерде де өсіп-өніп кетуіне көмектеседі. Түйткілдің түйінін тарқатудың тағы бір жолы: топырақты жиі жуып отыру қажет. «Бірақ аудан аумағында тіршілік нәрі кейде егістік алқаптарды суаруға да жетпей жатады», – дейді мамандар.

Батырбек Сыздықов, Отырар аудандық Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Мына дәрі қыстай осы жерді құнарландырады. Жерді демалдырады. Сөйтіп көктемде өнімнің жақсы шығуына және өнімділіктің артуына септігін тигізеді. Ғалымдардың кеңесімен солардың берген дәрілерімен олардың кеңесімен жұмыс жасап жатқан жер биылғы жылы 3 мың гектарға жуықтады.

Отырар аудандағы суармалы жердің жалпы көлемі – 33 мың гектар. Биыл шаруалар бақша, жүгері және жоңышқа алқаптарынан 22 млрд теңгенің өнімін жинады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы