422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөз қаласы күл мен қоқыстың астында қалуы мүмкін

  • 58
  • UPD: 20:35, 17.11.2020
Аягөз қаласы күл мен қоқыстың астында қалуы мүмкін

Аягөзде күл-қоқыс шығару мәселесі ушығып тұр. Жауапты мекеме көшелерді тазартып үлгірмейді. Өйткені техника аз, қаржы түсімі де төмен. Сондықтан кәсіпорын құлшынып жұмыс істеуге құлықсыз.

Тіпті жыл басынан бері осымен үшінші кәсіпорын банкротқа ұшыраған. Шағын шаһардағы 40 мыңға жуық тұрғынның тек 22 проценті ғана осы мекемемен келісім-шартқа отырып, ақысын төлейді екен. Жергілікті әкімдік рейдтік шаралар уақытша ғана жемісін беретіндіктен болашақта күл-қоқысты заңсыз лақтырып кететін аумақтарға бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отыр.

Аягөздегі Серғазин көшесінде орналасқан 2 қабатты мына үйдің тұрғындары күл-қоқыстан көз ашпай отыр. Бұл маңайдағы келеңсіз құбылысқа бірталай болыпты. Тазалыққа жауапты мекеме бұл жерді тазаламайды, өйткені халық келісім-шартқа отырмаған. 

Камалхан Қыстаубаева, қала тұрғыны: 

- Келісім-шарт жасағанбыз, содан кейін шықтық 1 жылдай болды, келісім шарт бұзылып, бізде жоқ қазір. Бірақ өзіміз жиналып шығарамыз мусорды, енді қашанғы жиналып шығара береміз. Мына мусорларға урна қойып берсе бізге, содан басқа ештеңе керегі жоқ. 

Бұл үйдің тұрғындары уақытында тазалап отырса, келісім-шартқа отырудан қашпаймыз дейді. Орталықтағы Әріп Тәңірбергенов көшесінде де мынандай көңілсіз көрініс. Қапқа толтырған қоқыстарды кім төгіп кететіні белгісіз.

Бақыт Нұрғалиева, қала тұрғыны: 

- Бүгін ғана алып кетті мусорды ай сайын төлеп отырамыз, уақытылы алып кетеді. Заявка беріп отырамыз, 8 пәтер уақытылы төлейміз, уақытылы алып кетеді. Енді мына мусорды білмеймін, түнде келіп төгіп кете ме, қай уақытта төгетінін білмейміз. Өзіміздің ауламызда 2 орын бар, енді ана 2 қабатты үйлер, ар жақтағылар төкпесе, оларда урна жоқ, өзімізде урна бар.

Тіпті аудандық полиция бөлімінің тура алдындағы саябақ алдында да шашылған қоқысқа көз үйрене бастаған. 

Төлеубай Ахметжанов, қала тұрғыны: 

- Жиналып-жиналып қалады ғой деймін. Әрине жаман ғой, таза болып жатқаны жақсы ғой. Орталық көше оның үстіне, тәртіп сақшыларының қасында. Бұлар да айтуларына болады ғой, мысалы. Бұл жерде мұндай болса, басқа жерде не болмайды енді, өзіңіз ойланыңыз, белгілі ғой. Rөктемде шығар десең, қыста кіре алмаймыз дейді, жазда шығар десең, банкротқа ұшырадық дейді. Сонан кейін кірмейтін болдық, алмаймыз. Өзіміз былай жеке мекемеге төлеп, тазартып, шығарттырамыз.

Ерсін Түсіпов, Аягөз қаласы әкімінің м. а.: 

- Келген мекемелер банкротқа ұшырап жатады. Өйткені 22 процент халықтың келісім-шартқа отыруы аздық көрсетеді. Көп халық келісім-шартқа отырудан жалтарады. Кәсіпкерлік мекемелерінің өздері келісім-шартқа отырмайды. Әмбе биылғы жылы қиындық тудырғаны бұлардың келісім-шартқа отырмай, карантин кезінде ресторан, кафелер, мекемелермен келісім-шартқа отыру жүргізілмеді. Ақша түсуі төмен болды. 

Расында қаладағы 40 мыңға жуық халықтың тек 12 мыңы ғана тұрмыстық қалдықтарды шығару жөнінде жауапты мекемемен келісім-шартқа отырып, ақысын төлейді екен. Заңсыз қоқыс төгушілерді анықтау мақсатындағы рейд барысында 248 хаттама толтырылып, екі жарым миллион айыппұл салыныпты.

Ерсін Түсіпов, Аягөз қаласы әкімінің м. а.: 

- Рейдтер жүргізілмей қалған кезде қайтадан барлығы әдеттеріне басып, күл-қоқысты шығаруды бастап жібереді. Бірақ біз енді келесі жылы барлығын басқалай қылып ұйымдастыруды жоспарлдап отырмыз. Егер біздің Аягөз қаламыз болашақта «ақылды қала» жобасына енетін жоспары бар. Сол жоспар бойынша көбінесе халық тастайтын, көп жүретін, сонан кейін құқықтық салада тәртіп бұзушылықты жою үшін арнайы бейнебақылау камераларын орнатып, сол бойынша жұмыстар атқаратын боламыз. 

Осылайша жергілікті әкімдік келесі жылы бұл жұмыстар ширайтынына сендіріп отыр. Қоқыс шығарумен техникалық базасы мықты, тұрғындарға сапалы қызмет атқаратын компания айналысатын болса, келісім-шартқа отыратындар саны да арта түсері сөзсіз.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы