423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда мемқызметшілер жұмысты жаттығудан бастайды

  • 76
  • UPD: 21:57, 17.11.2020
Павлодарда мемқызметшілер жұмысты жаттығудан бастайды

Павлодарлық дәрігерлер өңір жұртшылығын күніне кем дегенде 10 минут жаттығу жасауға шақырады. Себебі мұның өзі көптеген аурулардың алдын алып, ағзаның сергек болуына сеп. Пандемияның алғашқы толқынындағы карантин салдарынан тұрғындар арасында артық салмақ қосу байқалған. Бұл қант диабеті, гипертензия сияқты қауіпті дерттерге апаратыны белгілі. Ал осы санаттағы азаматтар COVID-19 жұқтырса, соңы қайғылы аяқталуы әбден мүмкін. Дәрігерлердің бастамасын алғашқы болып мемлекеттік қызметкерлер қолдады.

- На данный момент у вас сахар 17 и 1. Что ели?... 

Любовь Волкова қант диабетіне 15 жыл бұрын шалдыққан. Сол сәттен бері темірдей тәртіпке үйреніп, дәрігерлердің нұсқауларын орындауға тырысады. Науқас алғашқы карантин жарияланғанда үш ай бойы үйінен шықпапты. Дертпен тиімді күресу мақсатында осы сусамыр орталығына келуді әдетке айналдырған. Бүгін ұзақ үзілістен соң дәрігерлерімен тағы қауышты. 

Любовь Волкова, науқас:

- Карантин кезінде далаға қажет болғанда ғана шықтым. Туыстарым азық-түлік әкеліп берді. Себебі ауырып қаламын деп қорықтым. Өзім қарапайым сақтық шараларды сақтаймын. Ол қиын іс емес. Маска тағып, қолымды антисептикпен өңдеп жүремін. Дұрыс тамақтанып, жаттығу жасауға тырысамын. 

Өңірде қант диабетіне шалдыққан 22 мыңнан астам тұрғын есепте тұр. Олардың қатары жыл сайын 1,5 мыңға артып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, карантин салдарынан науқастардың саны күрт өсуі де мүмкін. Себебі аз қозғалу, компьютер алдында ұзақ отыру және дұрыс тамақтанбау диабет тудыруы мүмкін. 

Гүлнәр Мейрамова, облыстың бас эндокринологі:

- Қант диабеті, семіздік, артериалды гипертонияға шалдыққан азаматтар коронавирустық инфекцияны ауыр көтереді. Оған алғашқы толқында көз жеткіздік. Сондықтан артық салмақ болса, одан арылуға тырысу керек. Артық салмақ диабетке апаратын жағдай. Сондықтан карантин кезінде физикалық белсенділікті тоқтатпай, дұрыс тамақтану керек. Сонда аурудың алдын аламыз. 

Дәрігерлер қауымы ауыр індетті алдын алу үшін күніне 10 минуттық жаттығу жасауға шақырады. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес өңірдің мемлекеттік қызметшілері әр жұмыс күнін жаттығудан бастауды әдетке айналдырған.

Бауыржан Қайрақбаев, облыс бойынша мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

- Жұмыстың басталар алдында терезелеріміз ашылып, желдетіп алып, ішіндегі санитарлық нормаларға сәйкес қашықтықта тұрып, осы бұйрықтың орындалуын іс жүзінде атқарып жатырмыз. Цифрландыру кезінде маңызды. Себебі біз күні бойы компьютердің алдында. Психологиялық климатқа бұл керек. Өзіміздің деніміздің салмағына керек. 

Санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің 80%-і қашықтан жұмыс істеуде. Ал қалғаны жұмыс орындарында. Бүгінде мамандардың барлығы жұмыс басталмас бұрын 10 минуттық уақытын қарапайым жаттығуға бөлуді әдетке айналдырған.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы