425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспийде 170 мыңдай ғана итбалық қалған

  • 97
  • UPD: 11:13, 18.11.2020

Каспийде 170 мыңдай итбалық мекендейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында теңіздегі жалғыз сүтқоректілерге санақ жүргізген мамандар осындай қорытынды жасады. 100 жыл бұрын олардың саны 1 миллионға жететін. Түрлі факторлардың әсерінен бүгінде бірнеше есеге азайып кеткен. Қазір итбалықтардың басым бөлігі Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі Комсомол бұғазында тіршілік етуде.

Ертеде Каспий итбалығының тұрақты мекені Кендірлі шығанағы болған. Сүтқоректілер мұнда негізінен түлеп, шағылысып, балалайтын. Ғалымдар соңғы жылдары ол маңда итбалықтардың қалмағанын айтады. Теңіздегі жалғыз сүтқоректілердің нақты санын білу үшін мамандар өткен айда Каспийдің солтүстігіндегі «Дурнев» аралына экспедицияға шықты. Бүгінде итбалықтардың басым бөлігі сол маңда тіршілік етеді екен.

Адизал Шихметов, жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Экспедиция барысында сол аралдың бір жерінен 800 итбалықты, тағы бір жерінен 200 итбалықты кездестірдік. Осылайша теңіздің солтүстігінде сүтқоректілердің бірнеше мекенін анықтадық. Ауырып тұрған бір итбалыққа медициналық көмек көрсетіп, табиғи ортаға қайта жібердік. Теңіз жануарларының азайып кетуіне тек браконьерлік әрекеттер ғана емес, экологиялық жағдай да әсер етуде. Каспийдің ластануына теңізді жағалай жайғасқан барлық мемлекет себепші.

Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:

- Бұл балықтардың осылай жойылып кетуінің себептері – адами фактор. Яғни Каспий теңізінің экологиялық жүйесі нашарлап кетті. Мұнайдың өндірілуі бар, мұнай компанияларының жұмысы бар. Одан бөлек, мұнай компанияларының жүретін мұз тескіш үлкен кемелері бар. Итбалықтар мұз бетінде төлдеген кезде олар мұз үстінен өтіп, өлімге септігін тигізіп жатады.

Бүгінде барлық мемлекет жойылу қаупі төнген ерекше теңіз жануарын сақтап қалудың жолын қарастыруда. Осы орайда былтыр Ақтауда Каспий итбалығын оңалтатын орталық ашылды. Орталық мамандары жараланған немесе ауру итбалықтарды емдеп, жазып, мекендейтін жеріне қайта жеткізіп салады. Ашылғалы бері мұнда бес итбалық жеткізілген. Дер кезінде көмек көрсетсе де, мамандар екеуін құтқарып қала алмады. Басы жарылып, жағы іскен тіршілік иесі үшінші тәулікте жан тапсырған.  

Медет Хайрушев, ветеринар көмекшісі:

- Өкінішке қарай, оны сақтап қала алмадық. Себебі басынан қатты жарақат алған. Ішкі жағынан, сыртқа көрінбейді. Тек құлағы, мұрны арқылы ғана қан болды. Емдік шаралар көрсетілді. Осында қандай да бір итбалық түсетін болса, 24 сағат тексерісте болады. Кішкентай болып жатса, 20 итбалыққа дейін бірден ұстауға болады.

Бұдан былай итбалықты өлтірген адам 8 миллион теңге айыппұл төлейді. Жақында Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енді. Ел үкіметінің шешімімен жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің тізіміне қосылды. Алайда тәуелсіз эколог Әділбек Қозыбақов бұл шешімнің дұрыстығына күмәнданып отыр. Оның ойынша, бұл ғалымдардың жұмысына кедергі келтіреді.

Әділбек Қозыбақов, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан бойынша ҮЕҰ аймақтық қауымдастығы кеңесінің төрағасы:

- Ғалымдар итбалықтардың салмағын, биометриялық көрсеткіштерін өлшеу үшін жергілікті органдардан ғана рұқсат алып, жұмысты тез бітіретін. Қызыл кітапқа енгеннен кейін бұл процедуралардың барлығы күрделене түспек. Ендігі уақытта Үкімет деңгейінде шешіледі. Тағы бір мәселе бар. Балықшылар ауға түскен итбалықтардың жараланғанын көрсе, оларды аман алып қалу үшін инспекторларға айтып, орталыққа жеткізетін. Енді теңіз жануарларын қорлағандар заңмен жазаланатын болғандықтан, ол өліп қалса бізден көрер деп, мамандарға хабарламауы мүмкін.

Итбалықтарды сақтау үшін эколог олардың мекенін мемлекет қорғауына беруді ұсынады. Бұл іске сондай-ақ жергілікті балықшыларды да тарту қажет дейді. Оның айтуынша, ондаған жыл бұрын болған сыйақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Ауру итбалықты емдеуге тапсырған азаматтарды қаржылай ынталандыру тәжірибесі бүгінде Тәжікстан мен Қырғызстанда қолданылады дейді Әділбек Қозыбақов.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы