422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мектептердегі дезинфекциялық құралдар химиялық күйік тудыратыны туралы ақпарат – фейк

  • 62
  • UPD: 10:47, 18.11.2020
Мектептердегі дезинфекциялық құралдар химиялық күйік тудыратыны туралы ақпарат – фейк

Әлеуметтік желілерде мектептердегі дезинфекциялық құралдар химиялық күйік тудыратыны туралы жалған ақпарат тараған, деп хабарлады stopfake.kz.

Қазақстандық ата-аналар желіде тараған хабарламаға алаңдаушылық танытуда. Видеода бірнеше әйел WhatsApp мессенджерінде хат алмасқан экран көрсетілген. Олар мектепке барған соң балаларда қатты жөтел пайда болғанын жазған. Видео авторының пайымдауынша, бұған жоғарғы тыныс алу жолдарының химиялық күйік шалуы себеп болған.

Бұл теорияның неге бұрыс екенін stopfake.kz басылымы түсіндіріп берді.

«Біріншіден, Қазақстанда мектептерді, ауруханаларды, адамдар көп жиналатын орындарды және өзге де орындарды дезинфекциялау үшін уытты және денсаулыққа қауіпті заттар пайдаланылмайды. Бұл туралы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Елімізде қолданылатын барлық құралдар сертификатталған, тізілімге енгізілген және санитарлық өңдеуге арналған ерітінділерді дайындау пропорциялары көрсетілген нақты нұсқаулары бар.

Екіншіден, тыныс алу жолдарының күйіп қалу белгілері құрғақ жөтелге қарағанда әлдеқайда ауыр. Жоғарғы тыныс алу жолдарының химиялық күйігі, әдетте обструкцияға әкелетін тез ісінумен қатар жүреді. Бұл ретте зардап шеккендер жедел кеңірдек интубациясына мұқтаж болады. Сондай-ақ еріннің күлбіреуі, мұрын мен беттегі түктің күюі де тыныс алу жолдарын химиялық күйік шалудың белгілері болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарын күйік шалса, бірден тыныс алу жеткіліксіздігі, жөтел және қанмен түкіру сияқты белгілер пайда болады болады. Сонымен қатар иіс тиіп немесе басқа газдан уланудың алғашқы белгілері байқалады.

Үшіншіден, видеода әйелдердің бірі ұлында «химиялық күйік» белгілерін жеңілдеткен «Зодак» препаратын атап өтеді. Шын мәнінде бұл препарат химиялық немесе термиялық күйіктері бар науқастардың ауырсынуын жеңілдете алмайды. Ол антигистаминдер тобына жатады және аллергиялық ринит, конъюнктивит және идиопатиялық есекжем белгілерін тоқтату үшін қолданылады», - делінген хабарламада.

Хабар 24 телеарнасы