420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада бір мектепте жұмыс істейтін екі мұғалімнен коронавирус анықталды

  • 174
  • UPD: 16:45, 18.11.2020

Осыған байланысты білім ошағы 14 тәулікке карантинге жабылды.

Ал ауру жұқтырғандармен байланыста болғандар үйде оқшауланады.

Оқу жылының екінші тоқсан басталысымен елордадағы мектептердің бірі карантинге жабылды. Нөмірі 79 мектеп-лицейде жалпы саны 3 мыңнан астам оқушы білім алады. Карантин кезінде мұнда 77 кезекші сынып ұйымдастырылған. Яғни мыңнан астам бала мектепке барып оқып жүрген. Алайда екі мұғалімнен коронавирус анықталуына байланысты барлығы қашықтан оқуға көшті.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Мектеп каранитенге жабылғаннан кейін іші дезинфекцияланған. Ауру анықталған мұғалімдермен байланыста болғандар анықталды. Олар ПТР тест тапсырып, нәтиже шыққанға дейін үйде оқшауланады.

Құралай Мұқышева, №79 мектеп-лицей директоры:

– Екі ұстаздың жағдайы нашар емес. Дене қызуы қалыпты. 19-ға жуық мұғалім карантинде. Екі аптадан кейін оқушылар қайта бұрынғы режимге оралады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, мұғалімдер мен оқушылардың коронавирусты жұқтыру дерегі елдің барлық өңірінде тіркеліп жатыр. Ауруды жұқытрағндардың басым бөлігі – қашықтан білім алып жүргендер. Олардың індетті қашан қайда жұқтырғаны және кіммен байланысқаны тексеріліп, барлығы оқшауланады.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

– Біз бұл жерде ауырған балалардың санына емес, олармен байланыста болғандардың санына да мән беруіміз керек. Мәселен, бүгінге дейін кезекші сыныптарда оқып жүрген 302 баладан ауру анықталды. Олар 3219 адаммен байланыста болған. Ал қашықтан оқитын 740 бала 1056 адаммен байланыста болған. Яғни мектепте бала көп болған сайын аурудың тарлуы жиілеп кетуі мүмкін.

Еске сала кетейік, жаңа оқу жылы басталғалы елде 240-тан астам мұғалім, мыңнан астам оқушы коронавирус жұқтырған. Бүгінгі таңда 452 бала емделіп жатыр. Мектеп оқушылары үшін биыл жаңажылдық шырша мерекесі ұйымдастырылмайды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы