425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылордалық мердігер қар үстіне асфальт төсеген

  • 64
Қызылордалық мердігер қар үстіне асфальт төсеген

Қызылордалық мердігер асфальтті қардың үстіне төсеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күннің суығына қарамастан жол салуды жалғастырған құрылысшылардың жұмысына тұрғындар наразы. Мамандардың айтуынша, +10 градустан төмен температурада асфальт мүлдем төселмеуі керек. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округіндегі көшені жөндеуге 34 млн теңге бөлініп, нысан жазда пайдалануға берілуі тиіс болған екен. Алайда мердігер компания 1 шақырымға созылған жолдың тек жартысына жуығын ғана салып үлгерген. Қазір ұлттық «Сапа» орталығы мен жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары құрылысты тоқтатқан. Ал ауыл әкімдігі жауапсыз мердігерді сотқа берді. Жалпы жыл басынан бері мониторингтік топ жылжымалы зертхана арқылы жолға қатысты 53 кемшілік анықтаған екен. Соның 35-і қайта қалпына келтірілген. 

Ержан Усманов, «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК филиал директорының м. а.:

– Қалыңдығын жоба бойынша 6 см салу керек. Бірақ тексеріс барысында 3,8 см шығып отыр. Көзбен шолу барысында салынған асфальт жабындысының ұшуы байқалып жатыр. Астында малты тас қоспасын төсеген, соның бетіне битуммен өңдеу жұмыстары жүргізілмеген.

Әнуар Баймаханов, СЖҚІҚА облыс бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері:

– Нысан әлі қабылданбаған. Қабылданған жағдайда әрі қарай құзырлы органдармен бірлесіп тиісті жұмыс атқарылатын болады. Мердігер мекеме анықталған кемшіліктердің барлығын қалпына келтіремін деп уәдесін беріп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы