422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда құрылысшылар суық күнде жол салып жатыр

  • 70
  • UPD: 15:25, 19.11.2020

Петропавлда да құрылысшылар күннің суығында жаяу жүргіншілер жүретін жолға тас төсеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талап бойынша мұндай жұмыстар жер құрғақта жүргізілуі тиіс еді. Қар түскенде жасалған құрылыстың сапасы енді қандай болмақ? Жалпы Береке ықшам ауданында салынып жатқан жаңа саябақ қашан ашылады?

Далада 10 градус суық. Құрылысшылар қармен бірге тас пен құм жайып жатыр.

Данияр Сексенбаев, жұмысшы:

– Негізі енді қармен араласпай, жазда салынғаны дұрыс қой. Бірақ біз қарды алып тастап, тазалап жатырмыз.

Бұл – Береке ықшам ауданында салынып жатқан жаңа саябақ. Оның құрылысына 380 млн теңге бөлінген. Балаларға арналған ойын алаңқайында да абыр-сабыр.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Мынаны құрылыс саласындағы жаңа «ноу-хау» деуге болады. Құрылысшылар мұз болып қатып қалған асфальттің үстін бөшкелерге от жағып ерітіп, үстіне резеңке жабынды жауып жатыр.

Ғалымжан Әйтімов, жұмысшы:

– Мұздың үстіне салуға болмайды. Ол көктемде тайып кетеді. Ал асфальттағы мұзды қалай жылытып жатырсыздар? Былай бөшкемен былай отын саламыз да, жылытамыз, ерітеміз.

Саябақ мамыр айында салына бастады. Бұл – батпақты жер. Құрылысшылар ең алдымен оны саздан тазартып, қияршық таспен көтерген. «Сондықтан кешігіп қалдық», – дейді олар.

Қуаныш Бралин, серіктестік директорының орынбасары:

– Жазда 25 мың шаршы метр жерді көтеріп тегістедік. Тиісті технологияны сақтау керек болды. Сондықтан жұмыс созылып кетті. Қазір кеспе тастардың 70% салынып бітті. Қалғанын 10-15 күнде аяқтаймыз.

Бұл жерде амфитеатр, субұрқақ және де жүгіру жолағы болады. Құрылысшылар күннің суығында салынған тастар бүлінбейді деп отыр. Оны енді көктем көрсетеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

 

Хабар 24 телеарнасы