423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеліктер «Қазпоштаның» әлеуметтік картасын тиімді пайдалануда

  • 118
  • UPD: 16:06, 19.11.2020

Ақтөбеде «Қазпошта» АҚ-ның әлеуметтік картасы тұрғындар үшін тиімді бола түсті.

Оның көмегімен енді ірі дүкендер мен дәріханаларда да есеп айырысып, қоғамдық көліктерде төлем жүргізе алады. Ал картаны жиі қолданатындар ай сайын бағалы сыйлықтар ұсынылған ұтыс ойынына қатысып келеді.

8 жасар Азат қоғамдық көлікте жол ақысын әлеуметтік картамен төлейді. Автобустан өзге оның көмегімен кез келген қажетті затын да сатып алуына мүмкіндігі бар. Мектептің бастауыш сыныбында оқитын оған бұл картаны бір жыл бұрын анасы алып берген.

Жұлдыз Сермағамбетова, қала тұрғыны:

– Кәмелет жасына толмаған балама әлеуметтік карта ашқаным өте тиімді болды. Бұл оны жастайынан қаржылық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді. Өз ақшасын тиімді жұмсауға үйретеді. Апта сайын картасына белгілі бір сома көлеміндегі қаражат салып тұрамын. Барлығына да осындай карта ашу туралы кеңес берер едім.

«Қазпошта» акционерлік қоғамының әлеуметтік картасы алғаш рет былтыр қолданысқа енгізілді.

Ақтөбе қаласы бойынша алдымен 30-ға жуық мектептің оқушылары иемденіп, асхана және автобуста төлем жасай алатын болды. Кейін олардың қатары ересектермен де толығып, бүгінде бұл картаны пайдаланушылардың саны 60 мыңға жеткен. Оның көмегімен жалақы, жәрдемақы, зейнетақы алып қана қоймай, өзге де қаржылық қызмет түрлерін қолдануға мүмкіндік бар. Ал қазір жиі қолданушылар үшін ұтымдылығы арта түсті.

Маулен Габдулкалиев, «Қазпошта» АҚ АОФ директоры:

– Біз өзіміздің әлеуметтік төлем мен зейнетақы алушылар қолма-қолсыз төлем жасаған кезде 10% кэшбек қайтарылады. Мысалы, супермаркеттерде, дәріханаларда және де автобуста жүргенде төленген соманың 10%-і картаға қайта түседі. Одан бөлек басқа да қызмет түрлеріне 1% кэшбек қайтарылады. Әлеуметтік картадан алушылардың арасында әртүрлі сайыс өткіземіз.

Әлеуметтік картаны қолданатын орындардың қатары алдағы уақытта көбейетін болады. Қазіргі індет кезінде тұрғындар үшін тиімділігін одан әрі арттыру қарастырылып жатыр. Ал картаға тапсырыс берген адам оны бір апта ішінде ала алады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы