422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда жаңадан салынған үйдің қабырғасы түсіп жатыр

  • 100
  • UPD: 15:28, 19.11.2020

Түркістанда жаңадан салынған үйдің қабырғасы жарылып, сылағы түсіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпқабатты үйге тұрғындар былтыр күзде ғана қоныстанған еді. Енді қуаныштан гөрі үрей басым. Мамандар бір амалын таппаса, үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. 

2012 жылы құлап қалған Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің тарихы сегіз жыл өтсе де, ұмытылған жоқ. Одан кейін сапасыз салынған кез келген құрылысты халық «Бесобамен» салыстырып жатады. «Дәл осындай жағдай Түркістанда да қайталануы мүмкін», – дейді тұрғындар. Себебі қаладағы жаңадан қаланған көп қабатты үйдің қабырғасында жарықшақ пайда болған.

Әбілғазы Бейсенов баспанаға жеңілдетілген бағдарлама арқылы қол жеткізіпті. Бір жыл бұрын жаңа жыл қарсаңында шаһардың ең көрнекті жерінен үй алған оның қуанышы ұзаққа бармады. Көптен күткен баспанасының қабырғалары мен төбесінде алдымен сызат пайда болған. Уақыт өткен сайын оның көлемі де ұлғая түскен.

Әбілғазы Бейсенов, қала тұрғыны:

– Жөндеу жұмыстарын бәрін өзім істегенмін. Істеген жұмыстың бәрі мынау қайтадан түсіп жатыр. Енді қорыққаннан амал жоқ. Басқа қай жаққа барасың? Пәтеріміз жоқ. Қолыңызды созсаңыз, жел соғып тұрады.

Бүгінгі таңда апатты үйден береке қашқан. Сылағы түсіп, тұсқағаздары ажырап жатыр. Тұрғындар екі-үш жылдан кейін қандай жағдайға тап боламыз деп алаңдайды.

Бұл үйді мемлекеттік комиссия қалай қабылдады? Өзекті мәселеге жергілікті атқарушы билік неге мән бермей отыр? Біз осы сауалдармен қалалық әкімдікке шықтық.

Сәуле Молжігітова, қала тұрғыны:

– Ертең құлап қала ма, ол жағы белгісіз. Жұмысқа кетейін десем, шыға алмай отырмын. Ертең құлап қалып, бір жағдай болса, кім жауап береді? Бала-шаға бар. Өздерің істейсіңдер деді.

Жанерке Жарылқасын, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– 2019 жылдың соңында берілген көпқабатты үйлердің қатарында №32 үй де бар. Ол кезінде барлық талапқа сай болып қабылданып алынған болатын. Дегенмен арада уақыт өткеннен кейін осындай жағдайлар орын алды. Жұмыстың сапасыздығына байланысты. Қазіргі таңда біз тұрғындардан түскен шағымдар бойынша «Құрылыс-сервис-СК» компаниясына ескертулер берген болатынбыз. Енді қараша айының соңына дейін ішін толықтай жөндеп бітіреміз деп уәде берді. Егер ол уәде орындалмайтын болса, акт түзіп, сотқа барлық материалды дайындауға тура келеді.

Әкімдік бұл фирманың тағы екі тұрғын үйді салып жатқанын айтады. Оның сапасын уақыт көрсете жатар. Ал №32 үйдің кебін киген тағы басқа да нысандар бар көрінеді. Жаңа Отырар шағын ауданында 9 көпқабатты үйдің құрылысы былтыр күзде аяқталған. Бірақ сапасы сын көтермеген баспаналар әлі күнге дейін қолданысқа берілмеген. Бұл өңірде пәтер кезегінде тұрғандар саны 11 жеткен. Олардың 540-ы өткен жылы қоныс тойын тойлауы тиіс болатын.

Авторлары: Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов

Хабар 24 телеарнасы