422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық құтқарушылар шомылуға қауіпті жерлерді тікұшақпен бақылайды

  • 53
  • UPD: 20:46, 19.11.2020

Каспиймен шектесетін өңірде тыйым салынған 6 аймақ бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейтаныс жерге барған адамның келер жылы тағы бармасына кім кепіл. Осыны ескерген төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тікұшақпен теңізді әуеден бақылап, қауіпті аумақтың қалтарыстарын қарап жүр.

Төтенше жағдайлар департаментінің тікұшағы ұшу алды дайындықтан соң кідіріссіз көкке көтерілді. Алдымен Ақтаудың аумағындағы жағажайды барлады. Жалпы Маңғыстауда шомылуға рұқсат етілген орындардың саны 40-қа жуықтайды. Қауіптілігіне орай кей жерлерге түсуге қатаң тыйым салынған. Ескерту тақтасы қойылып, жан-жағы қоршалғанына қарамастан шомылуға болмайтын жерлерге биылғы жазда кісі көп барды. Бұған карантин кезінде қала жағажайларының жабылуы түрткі болғаны рас.

Ақтаудан 25 шақырым жердегі жасанды көлдің адам өміріне аса қауіпті екенін бұған дейін айтқанбыз. Мамыр айында судың құрамына талдау жүргізген мамандар химиялық заттардың тым көп екендігін анықтады. Ағзаны тез шаршатып, тері ауруына шалдықтыратыны да айтылды. Алайда осы жазға дейін бақылаудың болмауынан тұрғындар Мұнайлы ауданындағы қауіпті көлге алаңсыз шомылып, жағасында демалып келді.    

Бекболат Әбдіқадыров, өңірлік ТЖД басшысының орынбасары:

– Аймақтық төтенше жағдайлар департаменті өңір басшысының атына және Мұнайлы әкімдігіне хат жолданып, шомылуға тыйым салынған аймақтар тізіміне қосу сұралды. Бұл әсіресе шомылу маусымында бұрынғы уақытта радиактивті қалдықтар көмілген жерлерге бақылау бекеттерін қойып, адам баруының алдын алады. Алайда жаздан бері өңір мәслихаты мен әкімдігі тарапынан қандай да бір шара алынған жоқ. Тағы бір рет хат жібердік. 

Жасанды көлдің жалпы ауданы 28 мың 500 текше метрді құрайды. Судың ластығына көзі жеткен соң өкілетті органдар мұнда суға түсуге тыйым салды. Аудан әкімдігі көлге апаратын барлық жолды жауып, айналасына ор қазылды. Шомылуға болмайды деген жазуы бар белгілер орнатылды.

Нұрлыбек Жолбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

– Экологтар судың құрамында тұз көп, шамадан тыс металдар бар деген соң, біз аудан әкімдігі тарапынан мынадай белгілер қойдық. Содан кейін төрт жерде осы көлге келетін автокөлік жолдары бар екен. Соның бәріне ор қаздырып, мүмкіндіктерін шектеп жатырмыз.

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 9 адам суға кетті, оның бірі кәмелет жасқа толмаған бала. Жеті адам құтқарылды. Құтқарушылар жергілікті полиция қызметімен бірлесе теңіз жағалауында 500-ге тарта рейд өткізгенін де айта кетейік. Талапқа бағынбаған 31 адамға салынған айыппұлдың жалпы көлемі 273 мың теңгені құрайды. Халықты қатерден сақтандыру шаралары әлі де жалғасып жатыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы