423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда пандемия кезінде ана өлімі 4 есе көбейген

  • 83
  • UPD: 22:34, 19.11.2020

9 айда көз жұмған 136 әйелдің басым бөлігі коронавирустан қайтыс болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдайды өршітпеу үшін емханаларда жеке қабылдау бөлімшелері жасақталды. ПТР-талдауы жоқ әйелдерге арнайы изотерм сынама жасалады.

Шымкентте жыл басынан бері ана мен бала өлімі он есе көбейген. Вирус Эльвира Мәдібектің те ғұмырын қия жаздады. Қос өмірді сақтап қалу үшін дәрігерлер кесір тілігін жасауға мәжбүр болды.

Эльвира Мәдібек, жас ана:

– Қысымым көтеріліп, дене қызуым болып, ауа жетпей түстім. Жүкті едім. Аллаға шүкір, қазір жағдайым жақсы, дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Қазір босандым.

Елордада індет жұқтырған мыңнан аса ананың үшеуі көз жұмған. Дәрігерлер болашақ аналарды сәбиінен ажыратпаудың амалын жасап жатыр. Босану уақыты таяғанда әр апта сайын оларға ПТР талдау жасалады. Індет белгілері анықталса, стационарда не болмаса үйінде ем қабылдайды.

Шұғылажан Есімбаева, Нұр-Сұлтан қалалық №1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары:

– ПТР тесті оң мәнді не теріс мәнді екенін анықтау үшін барлық медициналық мекемеде екі қабылдау бөлімшесі ұйымдастырылған. Шұғыл түрдегі қабылдау бөлімшесінде жылдам анықтайтын изотерм тест деген қондырғылар орнатылған.

Нәтиже 1,5 сағатта дайын болады. Есесіне болашақ ананың кеселден тез сауығуына мүмкіндік бар. Себебі коронавирус аяғы ауыр әйелдер үшін аса қауіпті. Сәбидің іште шетінеуін тежеу қиынға соғады.

Шұғылажан Есімбаева, Нұр-Сұлтан қалалық №1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары:

– Бұл коронавирустық инфекция тек адам ағзасына қатты әсер етпейді, сонымен қатар ұрыққа қатты әсер етеді. Ұрықтық-жатырлық қан айналым деген бар. Оған өте теріс мәнде әсер етеді. Сондықтан бұл жүкті әйелдер коронавирустық инфекция дәлелденген жағдайда клиникалық көрсеткіштері болмаса да біз жүкті әйелдің өзін ғана бақыламаймыз. Сонымен бірге оның ішіндегі ұрықтың жағдайын анықтаймыз.

Қазақстанда 9000 ана коронавирус жұқтырды. Салдарынан ана өлімі 4 есе артты. Індеттің екінші толқынында көрсеткіш еселенбеуі үшін дәрігерлер қашықтықты сақтап, вирустан қорғану амалдарын ұмытпауға кеңес береді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы