420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жасырын жаңа жыл немесе онлайн отырыс

  • 135
  • UPD: 22:29, 19.11.2020

Жылдың айтулы мейрамын асыға күтетіндер екі ойлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия салдарынан биыл мереке атап өтілмейді. Жаңа жыл шыршасын ұйымдастырушылар мол пайда әкелетін кәсібін тоқтатуға мәжбүр. Дегенмен тойшыл халық дәстүрлі думаннан бас тартпайды. Сондықтан кей мейрамхана жасырын түрде дастарханын жаюға әзір.

Ұжымдық жаңа жыл мерекесінің жөні бөлек. Жылдың айтулы мерекесіне дайындық екі ай бұрын басталады. Мейрамханамен келісіп, отырыс өткізетін күн алдын ала белгіленетін. Індетке байланысты жағдайдың қаншалықты өзгергенін анықтау үшін, мейрамхананың біріне қоңырау шалып, жаңа жылды жасырын қарсы алу мүмкін бе деп сұрадық.

мейрамхана әкімшісі:

– Қабылдаймыз әрине. Бізде негізгі зал 40 адамға дейін. Елу адамға да жасауға болады.

Иә, ебін тапса, мейрамхана жалдап, түн жамыла шырша мерекесін өткізуге болады екен. Әрине, көңіл көтеру орнының әкімшілігі терезені тұмшалап, есікті іштен іліп, ым-жымын білдірмеуге тырысады. Өйткені, табысынан қағылғысы жоқ. Ал мереке ұйымдастырушы агенттіктердің жағдайы басқа. Шаралардың барлығын онлайн өткізуге машықтанып жатыр. Бірақ бұдан көрер пайдасы 10 есе төмен. Сондықтан ивент агенттіктер бұрынғыдай кеңсе жалдап, жалақы төлеуден қалған.

Әйгерім Бекайдарова, іс-шараларды ұйымдастырушы:

– Онлайн өткен шара кәдімгі мереке сияқты болмайды. Мейрамдар не үшін керек? Аяз ата мен ақша қар не үшін осындай мерекеге шақырылады? Әрине, күйбең тірлікті бір сәтке ұмытып, балалық шақтың бақытты кезін қайта басынан өткергісі келеді. Жаңа жылдан бір жақсылық күтеді, бір-біріне жақсы тілек тілеп, керемет көңіл күймен бөліседі. Ноутбуктың экранына немесе телефонның камерасына телміріп өткізген мереке әрине бұған жетпейді.

Жаңажылдық шырша мерекесі биыл еш мекемеде ұйымдастырылмайды. Аяз ата мен Ақша қар биыл балақайларды онлайн форматта құттықтайды. Енді Аяз атаны үйге шақыру қызметіне сұраныс артуы мүмкін.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы