425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алдағы үш жыл ішінде әскерилерге қаржылай төлем 30% артады

  • 59
  • UPD: 23:30, 19.11.2020

Жаңа жылдан бастап күштік құрылымдардың азық-түлігіне бөлінетін қаражат көлемі ұлғаяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы 3 жыл ішінде әскерилерге қаржылай төлем орташа есеппен 30 процентке артады. Мұны Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты. Армияны ең озық цифрлық технология құралдарымен жабдықтау үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізгенін атап өтті.

Сап түзеген сарбаздармен амандасып алған соң Президент қызмет барысында қаза тапқан әскерилерге орнатылған «Мәңгі есімізде» монументіне гүл қойып, тағзым етті.

Келер жылы қастерлі Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Осы жылдар ішінде ұлттық әскеріміз толық қалыптасты. Армия егемендігіміз бен тұтастығымыздың тірегіне айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін арттыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы.

Қорғаныс министрлігі елді ғана қорғап қоймай, жаһандық деңгейде, жекелеген аймақтарда қысқа күнде қырық құбылып тұрған ахуалды жіті бақылап отыру шарт. Өйткені, ішкі толқулар, төңкерістер елдің тыныштығын бұзары даусыз. Мұндай жағдайды айналамыздан көріп те жүрміз.

Қорғаныс министрлігі соңғы жылдары әскери жоспарлау құжаттарын дайындау бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Бұл армия мен мемлекеттік органдардың сыртқы қауіп-қатерге қарсы тұруына мүмкіндік береді. Енді қол жеткен жетістіктерді сақтап қалу үшін Президент Қарулы күштердің қызметіндегі бірқатар басымдыққа тоқталды. Әуелі әскердегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсарта түсіп, сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру аса маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қорғаныс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, 2021 жылғы 1 қарашаға дейін Қарулы күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардағы идеологиялық жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.

Мемлекет басшысы әскерилерді әлеуметтік-құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесіне де жекелей тоқталды. Президенттің шешімімен жаңа жылдан бастап, күштік құрылымдарға бағытталатын қаражат ұлғаяды. Әскерилерге арналған төлемдер еселенеді.

Жоғарғы Бас қолбасшы армияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек екенін айтты. Біздің әскер осал емес. Биыл өткен жаттығуларда сарбаздарымыз дайындықтың жоғары деңгейде екенін көрсетті. Бітімгерлік миссияларға қатысуға әзір екенін дәлелдеді. Енді Қарулы күштеріміздің БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына кеңінен қатысуы керек. Осыған орай Президент Қорғаныс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2021 жылдың 1 тамызына дейін тиісті Жол картасын әзірлеуді міндеттеді. Хош. Жоғары аталғанның бәрін бірінші басымдық деп біліңіз.

Көзге көрінбейтін коронавирус деп аталатын жаумен күресте біздің Қарулы күштер міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Мақтааралда да ауылдарды су басқанда тұрғындарға көмектесу кезінде әскерилер тартынып қалған жоқ. Өзіміз ғана емес, өзгеге де жәрдем беруде алдыңғы шепте тағы әскерилер болды.

Алқа мәжілісінде Президент қазақстандық армияны ең озық цифрлық технология, құралдармен жабдықтау керек деді. Бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды.

Өткен қазанның 31-інде Қарулы Күштердің жылдық жаттығуы қорытындыланды. Мұны алқа мәжілісінде Президентке есеп берген кезде Қорғаныс министрі айтты. Нұрлан Ермекбаев әскеріміздің әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Әскерге ұдайы көңіл бөлінері ақиқат. Өйткені армия – айбарымыз. Қорғанымыз. Ал армияның ішінде аса маңызға ие құрылымның бірі – әуе қорғанысы. Мұны жақсы білетін Президент әуе қорғанысын күшейтуді тапсырды. Осы мақсатта әскери-транспорттық авиация паркін жетілдіре түсу керектігін айтты. Айтты да әрбір қазақстандық сарбаз бен сардар қастерлі Тәуелсіздігімізді күзетіп тұрғанын әркез есте ұстауы тиіс деді.

Жиыннан кейін Президент радиоэлектронды күреске арналған заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың үлгілерімен танысты. Жаһандану дәуірінде бұл құралдардың қорғаныста алар орны ерек. Сондықтан радиоэлектронды бағытқа басымдық бермек керек. Уақыттың талабы осы!

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ернар Нысанбай

Хабар 24 телеарнасы