420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында қоғам белсенділері «Халық алғысы» медалімен марапатталды

  • 81
  • UPD: 23:27, 19.11.2020

Ақмола облысында 700-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналған үздіктері бүгін тоғызыншы өңірлік азаматтық форумда бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын құрамда өткен жиын алдағы республикалық форумға дайындық ретінде ұйымдастырылды. Іс-шарада саланың бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстары сараланып, болашақ жоспары талқыланды.  

Қоғам белсенділерінің басқосуына облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі арнайы келіп қатысты. Бұл үкіметтік емес ұйымдарға деген құрметті әрі азаматтық бастамалардың билік тарапынан қолдау табатынын білдіреді дейді жиынға қатысушылар. Ал аймақ басшысы қоғамдық ұйымдардың қызметін айрықша бағалап отыр.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

– Қоғамдық ұйымдардың арасындағы бірқатар қозғалысты жеке атап өткім келеді. Олар: «Доброе сердце», «ЛидерКЗ», «Ақмола – жаңа толқын», «Феникс» волонтерлар орталығы, «Жан жылуы-2014» және тағы басқалары. Бүгін осы сәтті пайдаланып, баршаңызға зор алғыс білдіремін. Себебі сіздер еліміздің әлеуметтік дамуына зор үлес қосып келесіздер.

Форумға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет пен еліміздің Азаматтық Альянсы президенті Бану Нұрғазиева де бейнебайланыс арқылы қосылып, ақмолалық ұйымдардың жұмысына оң баға берді. Әсіресе, аймақта волонтерлық қызмет жақсы дамып келеді. Қазір өңірде 3 мыңнан астам ерікті бар.

Мәнсия Есекеева, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы:

– Көбіне біз белсенді балаларды дамытамыз. Олармен жұмыс жасаймыз. Соның арқасында біздің жас түлектеріміз Ақмола облысы әкімінің атаулы шәкіртақысын иеленіп отыр. Оның өзі де үлкен жетістік деп санаймыз. Себебі бұл үкіметтік ұйым тарапында жүрген волонтерлердің, белсенділердің мемлекет тарапынан алып жатқан үлкен бір мәртебесі деп білеміз. Және қазірдің өзінде біз көптеген әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып жатырмыз.

Шара соңында халық пен билік арасында алтын көпір бола білген қоғам белсенділері «Халық алғысы» медалімен марапатталса, ең тиімді жұмыс істеген он шақты үкіметтік емес ұйым облыс әкімінің «Қамқор-2020» байқауының жеңімпазы атанды. Ал олардың әрқайсысына 100 және 200 мың теңгеден сыйақы тарту етілді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы