422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы бекеттерде автоматты тепловизорлық жүйе іске қосылды

  • 66
Павлодардағы бекеттерде автоматты тепловизорлық жүйе іске қосылды

Ертіс өңіріндегі ірі тосқауыл бекеттерінде тепловизорлық қақпалар іске қосылды.

Автоматты жүйенің көмегімен Павлодар қаласының аумағына кіріп-шығатын азаматтардың дене температурасы санаулы минуттарды тексеріледі. Ал мәліметтер ортақ базаға тіркеледі.

Бұл – облыс орталығынан 10 шақырымдық жерде орналасқан блокбекет. Тәулігіне шамамен үш мыңнан астам көлік өтеді. Тепловизорлық жүйе мұнда кезекшілік ететін мамандардың жұмысын біршама жеңілдетпек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бұдан былай облыстың тосқауыл бекеттерінен өту үшін дәрігерлермен тікелей байланысқа түсудің қажеті жоқ. Дене температурасын білу үшін қолыңызда жеке куәлік болса болғаны. Жеке куәлікті осы жерге қоямыз. Егер дене қызуы жоғары болса, автоматты түрде дыбыстық дабыл естіледі. Дыбыстық дабыл болған жоқ, демек менің дене температурам нормаға сәйкес.

Тепловизорлық жүйеге арналған бағдарламаны жергілікті IT-мамандар әзірлеген. Бұл тепловизорлар өңірде алғаш рет қолданысқа еніп отыр. Оның көмегімен вирустық ауруға шалдыққандарды тез анықтауға болады. Бірінші кезекте блокбекет мамандары үшін қауіпсіз.

Сергей Голышев, жоба әзірлеуші компанияның жетекшісі:

– Енді мамандар бөлек ғимаратта отырады. Әрдайым далада жүрмейді. Үрдісті қашықтықтан бақылайды. Тепловизорлық бейнекамера арқылы адамның дене температурасын әп сәтте анықтайды.

Артықшылығы: бұл жерге кірген әр адамның жеке мәліметтері тез оқылады. Кейін бірыңғай базаға енгізіліп, тіркеледі. Осылайша ақпарат ашық әрі қолжетімді болады.

Сергей Голышев, жоба әзірлеуші компанияның жетекшісі:

– Құрал дене темперутарасы туралы ақпараттық нақты көрсетеді. Ал ультрадыбыстық сканерлер 1-2 градусқа қателесуі мүмкін. Оған қоса үрдіс толық автоматтандырылған. Дәрігерлер мен адамдардың арасындағы тікелей қатынас болмайды. Яғни мамандардың ауру жұқтырып алуына жол бермейді.

Бұл – жаңа жүйе емес. Бүгінде аймақтағы ірі өндіріс ошақтарында жұмыс істеп тұр. Ал тосқауыл бекеттеріне алғаш рет орнатылды. Автоматты жүйе әзірге өткізгіштігі жоғары тосқауыл бекеттерінде орнатылды. Тиімділігін уақыт көрсетер.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы