424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдағы ескі ұңғымалар қаланы сумен қамтудан қалды

  • 37
  • UPD: 20:46, 20.11.2020

Орал қаласына ауыз су жеткізетін 30 шақты ұңғыманың көбі тозған. Тіпті кейбірі жарамсыз күйде. 

Соның салдарынан облыс орталығында су тапшылығы айқын сезіле бастады. Қала тұрғындары бір тәулікте 50 мың текше метр тіршілік нәрін тұтынады. Жаз айларында оның көлемі 70 мың текше метрге жуықтайды. Өзекті мәселе қалай шешімін таппақ? 

Қалаға қажетті тіршілік нәрі негізгі екі су көзінен алынады. Оның бірі Жайық өзенінен берілсе, қалған көлемді жеткізу Бәйтерек ауданы аумағындағы ұңғымалар көмегімен жүзеге асады. Алдымен сумен қамтуға жауапты кәсіпорында сүзгіден өтеді. Кейін әбден тазартылған соң тұтынушыға жіберіледі. Халық саны жыл санап өсіп келеді. Сол себепті су тапшылығы болмай тұрмайды. Түйткілдің түйіні біржола тарқау үшін су соратын ұңғымаларды қалпына келтіру керек екен.  

Талапкер Шалхабанов, сумен қамтушы кәсіпорынның бөлім басшысы: 

- 5 ұңғыманы қайтадан жөндедік. 8 ұңғыманы жерасты суларынан жуып тазалап жөндедік. Нәтижесінде 5 мың текше метрге су көбейді. Дегенмен, ол да жазда жеткізліксіз болды. Сондықтан кестемен жұмыс істедік. Қазір 18 ұңғымаға қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Екеуі басталды. 16-сы қайта жөнделеді. Барлығы 30 скважина. 900-1000 тәулігіне текше метр су беріп тұрды. 

Қала маңайындағы 18 ұңғыманы қайта бұрғылау нәтижесінде алынатын су көлемі 1 жарым мың  текше метрге ұлғаймақ. Қазір қала билігі геологиялық барлау жұмыстарын жүзеге асыратын кәсіпорынмен келіссөз жүргізіп жатыр. 

Бисен Даумов, геологиялық барлау мекемесінің басшысы:

- Ұңғымалар көбі ескірген, 30-40 жыл бойы істеген, өнімі азайған, оны қайта бұрғылау керек. Қайталап бұрғылау мақсатында бізге қала басшылары мәселе қойып жатыр. Қазір келісімшарт әзірленіп жатыр, қол қойғаннан кейін жұмысын бастаймыз. Қазірдің өзінде труба, фильтрлерін тиісті жабдықтау материалдарын әзірлеп жатырмыз. Мұндай жұмыс істеуге біз әзірміз. Судың көзінің мөлшері тәулігіне 65 мың текше метр, соны толықтай алып қалаға берсе қаланың су мәселесі шешіледі. 

«Камен топтық су құбыры» мекемесін коммуналдық меншікке беру де көп мәселені шешпек. Соның аясында қазір Серебряков жер асты су кеніне қарасты ұңғымада қайтадан бұрғылау жұмыстары басталды.  Әзірге осы аумақтағы 25 ұңғыманың тек 14-і ғана жұмыс істеп тұр. Шаһар басшыларының айтуынша, бұлардың бәрі іске қосылса қаланың Зашаған, Деркөл және келешекте бой көтеретін Ақжайық шағын аудандарын қамтуға мүмкіндік туады.  

Мирас Мүлкәй,  қала әкімінің орынбасары:

- Аталған ұңғымаларды қайта бұрғылау жұмыстарына және жаңа 6 ұңғыма бұрғылау жұмыстарына 700 миллион қаражат қажет. Бұдан басқа Жайық өзенінен орал қаласына су алу жүйесі орналасқан. Сәйкесінше аталған стансаны қайта жөндеуге үлкен жоба дайындалып жатыр. 2021 жылдың 1 тоқсанында сараптамадан шығарамыз ба деген жоспарымыз бар. Аталған жұмыстарға республикалық бюджеттен 7 миллиардқа жуық қаражат қажет. 

Сала мамандарының айтуынша, өзекті мәселені түпкілікті шешу үшін тіршілік көзін ысырапсыз пайдалану аса маңызды. Жаз айларында ауыз суды бау-бақша суаруға пайдаланған жүзге жуық абонент  анықталыпты. Жеке сектордағы мыңға тарта құдық  тексеріліп, бірқатарын судан ажыратуға тура келген. Ал тұрғындардың сумен қамту мекемесіне берешек қарызы 250 миллион теңгеге жеткен.

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы