425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нарынқолда 40-тан аса үй мен ХҚКО пайдалануға берілді

  • 138
  • UPD: 09:56, 21.11.2020

Алматы облысындағы Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында жаңадан салынған 40-тан астам үй мен халыққа қызмет көрсету орталығы және прокуратура ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде Кеген ауданына қосылып кетіп, кейіннен бөлінген шекара шебіндегі Нарынқол өңірінің күре-тамырына бүгінде қан жүгіре бастағандай. Аудан орталығындағы ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа нысандар халық игілігіне тапсырылып жатыр.

Жұлдыз Шакенова Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы мектепте 15 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Жолдасы – балабақшада қарапайым электрик. Екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгін Нарынқолда мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне берілген 40-тан астам үйдің бірінің кілтіне білікті ұстаз, көпбалалы ана Жұлдыз Дәулетбайқызы ие болды.  

Жұлдыз Шәкенова, мұғалім:

– Он жылдан бері Нарынқол ауылында пәтер жалдап тұрып келдім. Қазіргі таңда жаңа үйдің кілтін алып, қуанышты болып отырмыз. Үйдің іші жарық, кең, 5 бөлмелі. Өзіміздің көңілімізден шықты. Қуаныштымыз.

Нарынқол аудан орталығы мәртебесіне ие болған 2,5 жылдың ішінде мұнда 2 мыңдай тұрғын көшіп келді. Қазір Нарынқолдағы халық саны 7 мыңға жетті. Соның арқасында мектептердегі оқушылар саны да шамамен 1,5-2 есеге дейін артты.

Аудан орталығында бұған дейін осындай 80 үй тапсырылған болатын. Жуық арада тағы 40 шақты үй салынып бітеді. Жергілікті тұрғындар бұл игі істердің бәрін 20 жылдан соң Нарынқолға аудан орталығы мәртебесі қайта берілуімен байланыстырып отыр.  

Мүтәліп Ыстыбеков, Т.Жанұзақов атындағы орта мектептің директоры:

– Ауданымыз келгенде қазіргі дәрежесімен салыстыруға келмейтіндей еді. Ең біріншіден, осы ауданның орталығы Нарынқолдағы барлық көше толығымен асфальтталды. Екіншіден, үлкен құрылыстар салынып жатыр.

Күлән Сәткенова, Нарынқол ауылының тұрғыны:

– Тұрғын үйлер салынып жатыр. Спорт кешеніміз салынып жатыр. Жұмыс жағы жақсы болды. Бір кездері құлазып кетті бұл ауыл. Жас мамандар көп келіп жатыр.

Нарынқолда бүгін Халыққа қызмет көрсету орталығы мен аудандық прокуратура ғимараты да ашылды. Алдағы уақытта денешынықтыру-сауықтыру кешені, аудандық мұрағат ғимараты және 4 дәрігерлік пункт пайдалануға пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

Хабар 24 телеарнасы