422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында 13 жастағы оқушы электр техникаларын жөндейтін орталық ашты

  • 54
  • UPD: 15:38, 21.11.2020

Бұл әкесінің арманы болған көрінеді. Өкінішке қарай әкесі арбаға таңылған.

Алайда оның жолын жалғаған жас өрен жеке кәсіпкер атанды. 13 жастағы азамат айына 300 мың теңгеге дейін табыс табатынын айтады.

Орталықтан қазір адам арылмайды. Ауыл тұрғындары техникасы істен шықса, бірден 13 жастағы іскерге жүгінеді. Өйткені Нұрасыл теледидар, тоңазытқыш, көлік магнитафондары тәрізді кез келген техниканы әп-сәтте жөндеп береді. 

Нұрасыл Несіпбай, шебер:

– Көбіне теледидар, магнитофондар әкеледі. Біз бизнесті ұлғайтуға ақша жинап жатырмыз.

Дос Төлегенов, Нұрасылдың әкесі:

– Нұрасыл таңнан түске дейін сабақта. Сабақтан соң 2-3 сағат ойынға жіберемін. Ойын баласы ғой. Сосын менің қасымда, айтып отырамын, бәрін істейді. Анда-санда әкеме беремін, оған да көмектеседі.

Жас шебердің әкесі Дос Төлегеновтің тағдыры ауыр. Туа біткен сал ауруымен күресіп келеді. Осыған қарамастан бұрын жұмыстың бәрін өзі істейтін. Алайда былтыр ЖКО-на түсіп, жығылғанға жұдырық болған. Енді жұмысқа тіптен мүмкіндігі келмей қалыпты. Сондықтан бұл істі Нұрасыл қолға алған. Ісі оңға басып, қазір аудан орталығынан ауылға келіп техникасын жөндететіндер көбейген.

Құдайберген Әбдікәрімов, Нұра кентінің тұрғыны:

– Енді ауданнан осында келіп техника жөндетеміз деп айту ұят. Бірақ дәл осындай мықты маман бізде жоқ.

Қымбат Әбілдинова, сынып жетекшісі:

– Мен үйде техникалық ақаулар болғанда бірнеше рет апарып көрдім. Ол маған жақсылап жөндеп берді. Тіл алғыш, қасындағы достарының қасында беделді.

Оқуда озат, жұмыста шебер Нұрасылды ауылдастары да мақтан тұтады. Оның ендігі арманы – Нұр-Сұлтан қаласынан шеберхана ашып, мол пайда тауып, әкесін емдету болып отыр. Ол бұл мақсатқа да жетеріне сенімді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы