422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталықта көпқабатты үй заңсыз салынып жатыр – алматылықтар

  • 63
  • UPD: 19:20, 22.11.2020

Алматы қаласының тұрғындары орталықта көпқабатты үй заңсыз салынып жатыр деп санайды.

Өйткені дәл осы жерде бұрын көзі нашар көретін және зағип жандардың балаларына арналған балабақша болған. Ол ғимарат сүрілген кезде орнына жаңа балабақша тұрғызылуы тиіс еді. Енді тұрғындар құрылыс жобасы неліктен өзгеріп кеткенін түсінбейді. Қазір бұл мәселеге жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі араласты.

Мұрат Қасенов белсенділермен бірге 2 жарым жыл бойы қала басшылығына хат жазумен келеді. Оның айтуынша, Қарасай мен Шәріпов көшелерінің қилысында заңсыз тұрғын үйлер салынуда. 1980 жылдары мұнда көзі нашар көретін және зағип жандардың балаларына арналған балабақша болған. 16 жыл бұрын ол балабақшаның жұмысы тоқтап, содан бері бұл жердің қожайыны жыл сайын ауысып келеді. Және құрылыс нысандарының да мақсаты өзгеруде. Ал 2017 жылы қала басшылығы бұл жерде балабақша және көлік тұрағы бар көпқабатты үй салуға шешім шығарған. Енді мұнда көпқабатты 4 үй салынып жатқанына тұрғындар наразы. 

Еркебұлан Қабдолов, жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

– Неге бір үйдің орнына 4 көп қабатты үй тұрғызылып жатыр. Мен осыны түсінбеймін. Бұл жердегі құрылыстың негізгі белгіленген мақсаты – балабақшасы және жерасты паркингі бар көппәтерлі үй болу керек болған.

Мұрат Қасенов, қала тұрғыны:

– Бұл үйді 2018 жылдың шілдесінен бастап сала бастады. Біздің білуімізше, бұл құрылыс заңсыз жүріп жатыр. Себебі оның ешқандай құжаттары жоқ. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы алдын ала хабарламастан және жобалық-сметалық құжаттамасыз бастап кеткен.  

Яғни бір жарым жыл бойы жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының ешқандай заңды құжаттары жоқ. Тұрғындардың ашу-ызасын туғызып отырған тек бұл емес. Осы көпқабатты тұрғын үйлерді салу барысында құрлысшылар оның маңындағы 11 сотық жерді де алып алған. Белсенділер өз шағымдарын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жерді басқару комитетіне жеткізіпті. Олар қала әкімшілігіне қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізетіндерін айтқан. Яғни құрылыс компаниясына мемлекет меншігіндегі жер учаскесін беру қаншалықты заңды болғанын анықтайды. Жақында бұл мәселеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы да араласты. Қазір мамандар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуде. 

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Анастасия Вылегжанина

Хабар 24 телеарнасы