422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавл тұрғындары жылу ақысын екі есе артық төлеуге мәжбүр

  • 19
  • UPD: 08:51, 23.11.2020

Петропавлда 10 шақты көп қабатты үйдің тұрғындары «монополистерге жем болып отырмыз» дейді.

Өйткені жауапты кәсіпорын жылу есептегіш құралдарын комерциялық есепке алмай отыр. Салдарынан халық ай сайынғы төлемақыны бірнеше есе қымбат төлеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт арыз-шағымын айтып талай табалдырықты тоздырған. Нәтиже болмаған соң біздің редакцияға хабарласты. Қос тараптың пікірін осы өңірдегі арна тілшісі Самат Қайырденұлы тыңдап қайтты.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Жылу маусымы басталғалы 90 пәтерлі үйдің тұрғындарынан тағы маза қашты. Өйткені олар жылу ақысын екі есе қымбат төлеп отыр. Себеп ақпан айында есептегіш құрал істен шыққан. Бірақ кепілдігі бар құрылғы қалпына келтірілсе де, өзгеріс болмаған.

Лидия Свешникова, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

- Жөнделген соң мен Петропавл жылу желілеріне барып өтініш жаздым. Бақылаушы келіп, есептегішке пломба салмайтынын айтты. Өйткені оның қуаттандырғышы рұқсатсыз ауыстырылған деді. Құрылғының кепілдігі бар. Десе де, оны коммерциялық есепке алмай отыр. Неге екенін түсінбейміз. Жауаптылар болса түрлі сылтау айтады.

Халық бес ай бойы жылудың ақысын жалпы тариф бойынша төлеп келген. Яғни баға қазір шаршы метрмен өлшенеді. Қазір төлем ай сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ.

Тұрғындар базынасын айтып монополистерге сан мәрте арызданып, хат жазған. Алайда олар «артық ақы қайтарылмайды» деп қысқа қайырған. Нәтиже болмаған соң халық әкімшіліктен көмек сұрапты. Бірақ олардан да еш нәтиже болмай тұр.

Наталья Краснова, қала тұрғыны:

- Кепілдік біткен соң жақын арада есептегіш құрал жекеменшікке өтуі тиіс. Сол кезде біз актіге қол қоймаймыз. Олар жауапкершілікті өздеріне алмау үшін уақытты әдейі созып жүр.

Монополистер болса бұл мәселінің туындауына «карантин сеп болды» деп ағынан жарылды.

Мағауия Сағындықов, серіктестіктің бас директоры:

- Өкінішке қарай карантиндік шектеулердің енгізілуі біздің жұмысты қиындатып жіберді. Нақтырақ айтсақ, бұл құрылғылар басқа қалаларда жөнделеді. Сондықтан көп уақыт жоғалтып алдық. Қазір оны есепке алу жұмыстары басталды. Тұрғындармен есеп айырысу бойынша келісім жасайтын боламыз.

Айта кету қажет, бүгінде шаһар бойынша осындай мәселеге тап болған 8 көп қабатты тұрғын үй бар. Монополист алған артық ақы халыққа тиісті көлемде қайтарылады ма? Ол жағы әзірге белгісіз.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы