420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы емхананың бірінде көзі нашар көретін жастар жұмыс істейді

  • 143
  • UPD: 08:56, 23.11.2020

Қазір олар массажист-реабилитолог қызметін атқарып жүр. Зағип жандар «ауруға мойынсынбай, мемлекет берген мүмкіндікті пайдалану керек» дейді.

Гүлзия Нақыпқызы жігерлі жандармен тілдесті.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Данияр Сақбосыновтың бала кезінен көзі нашар көреді. Жанары ішінара жүйке атрофиясына шалдыққан. Зағип жан тағдырдың ісіне мойымай, білімге ұмтылып, медициналық колледжді бітіріп шықты. Қазір емханалардың бірінде массажист-реабилитолог болып жұмыс істейді. Данияр секілді оқуын аяқтап, тәжірибеден өткен тағы 3 түлек бар.

Данияр Сақбосынов, массажист:

- Екі айдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Барлығына көңілім толады. Әрине, басында қиындықтар болды. Қай кабинет қайда екенін білмей жүрдік. Көзбен көрмеген соң қиын ғой. Қазір үйреніп кеттік. Жұмысыма өте ризамын.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл жерде арнайы массаж кабинеті бар. Оған ем алушылар келеді. Данияр олардың мәлімметтерін арнайы дыбыстық бағдарлама арқылы компьютерге енгізе алады. «Жұмыс істеймін деген жанға мүмкіндік көп», - дейді ол.

Жанат Жандаев, №13 емхананың оңалту бөлімінің меңгерушісі:

- Бұл жандардың қолдары, саусақтары өте жақсы сезімталдыққа ие. Яғни басқалардан айырмашылығы сол, олардың қолдарының сезімталдығы жоғары. Науқастың проблемалық аймақтарын бірден табады. Және жалпы емдік массажды үлкендерге де, балаларға да қалай жасау керектігін өте жақсы біледі. Мүмкіндіктерінің шектеулі екеніне қарамастан, профессионалды тұрғыда ешқандай шектеуі жоқ азаматтар.

Данияр «тағдыр тәлкегіне түскен өзі сияқты зағип жандар мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануы тиіс», дейді. Қатарластарынан қалмай оқу оқып, енді жұрт секілді жұмыс істеуді бастады. Әріптестері оның кәсіби мықты маман екенін айтады.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызқы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы