Алты күнде 251 мал ұрлығының беті ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл – республикалық «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасының қорытындысы. Оның аясында 5500 шаруа қожалығы мен мал бағу орындары тексерілді. Мал ұрлығымен күрес нәтижелерін онлайн брифингте криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев жария етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері қылмыстың осы түрін жасаған 1024 күдікті ұсталған. 145 тұлға қылмыстық топ құрған. «Көбіне төрт түлікті ұзақ уақыт көзден таса қалдыру ұрлыққа себеп», - дейді полиция өкілі.