419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысы әкімі: «Бозжыра» жобасы қайта қаралады

  • 135
  • UPD: 23:32, 23.11.2020

«Бозжыра» жобасы қоғам пікірі ескеріле отырып жүзеге асырылады».

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов осылай деді. Өңір халқының наразылығы мен Президент сынынан кейін шатқал жанынан қонақүй салу жобасы қайта қаралатын болды. Облыс әкімі туризмді дамыту үшін аталған істің берері мол әрі сол арқылы қосымша жұмыс орындары ашылады дейді.

Қарт Каспийдің жағасындағы әсем қалада биыл ішкі туризм тың серпін алды. Теңізге шомылып, өлкенің көрікті жерлеріне саяхаттаушылар көбейді. Бір ғана «Бозжыра» шатқалына тамыз-қазан айларында 2000 адам барған. Келер жылы көрсеткіш 5 есе артуы мүмкін. Бірақ табиғи қорық аумағында мейман қабылдауға мүлде мүмкіндік жоқ. Сондықтан қонақүй салу жөнінде шешім қабылданып, инвестор жобаны жүзеге асыруға ниет білдірген. Қоғам тарапынан да қызу талқыланды. Бірақ табиғи әралуандылықты сақтау үшін қарсы пікір білдіргендер де болды.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

– Экология жөнінде табиғатты сақтау мамандарымен проблемаларды талқыладық. Сондықтан Бозжырадан 20 км емес, 2 км жерде тамашалайтын жағдай болуы керек. Әлі талқылаймыз. Инвестор өздерінің ұсынысын ұсынғаннан кейін тағы талқылайтын боламыз.

Аймақ басшысының айтуынша, жоба жүзеге асырылады. Сол арқылы туризм дамуы тиіс. Тек көпшіліктің келісімі керек. Маңғыстаудың ең басты байлығы мұнай өндірісінің көлемі биыл біраз төмендеді. Жылдағынан 1,5 млн тоннаға кем. Сондықтан инвестиция тартуға басымдық беріледі. Қосымша жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамту қажет. Осы мақсатта Түпқараған ауданында жыл соңына дейін 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылады.

Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының әкімі:

– Биыл онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталады. Жыл соңында толық іске қосылады. 200 орындық инфекциялық аурухана берілді. Қызылсайдағы Оңды елді мекенінде дәрігерлік-амбулатория құрылысы басталды.

Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы облыстық аурухана құрылысы қолға алынбақ. Жоспар келер жылы жүзеге асады. Жаңаөзен халқына Ақтаудан пәтер беру ісі де жалғасатын болады. Облыста жыл соңына дейін 1 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы