423,91 504.32 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыда балалардың ойын алаңы жекеге сатылып кеткен

  • 315
  • UPD: 01:36, 24.11.2020

Қаладағы Янтарная көшесінде орналасқан 7-інші ықшам ауданындағы бірнеше көпқабатты үйдің ауласында шағын ғана балалар алаңы бар.

Ол 1979 жылы осы аумақта жатақхана салынғанда жасалған. Барлық бала осы алақандай жерде ойнайды. Бірақ өткен жылы жатақхана жанындағы медицина орталығының иесі оны сатып алған. Енді жан-жағын қоршап алмақ. Бұған тұрғындар қарсы.

Малика Молдабекова, қала тұрғыны:

– Мына жатақханада 10-11 шаршы метрде үш-төрт баласымен бір кішкентай бөлмеге тығылып отырып, мына балаларға арналған жерде демалып тұрайық десек, құрылыс бастайын жатыр. Біресе автотұрақ істейміз дейді, біресе мейрамхана дейді.

Мәселе қоршау-қоршамауда емес, мына жер қалай сатылды? Балалар ойнайтын жер қалай сатылады?

Ал кәсіпкер Әлихан Абдулахановтың бұл жерді заңды сатып алғанын растайтын құжаттары бар. Оның айтуынша, медициналық мекеменің аумағы тарлық еткендіктен, мұнда көлік тұрағын салуды жоспарлапты.

Әлихан Абдулаханов, кәсіпкер:

– Мен бұл жерді сатып алдым. Бірақ балалар алаңы бар екенін білген жоқпын. Бұл жерге көлік тұрағын салсам деймін. Ал балалар алаңы арғы жақта да бар.

Дау туғызған мәселеге байланысты қалалық Жер қатынастары басқармасының маманы Тимур Тұрысбеков ойын алаңының қашан жеке меншікке өтіп кеткенін айта алмады. Кәсіпкер Абдулаханов жерді азаматтық-құқықтық негізде былтыр басқа меншік иесінен алған. Десе де Әуезов аудандық әкімдігінің мамандары ойын алаңы қоршалғанымен, ол жерге қандай да бір құрылыс салуға рұқсаттың жоқ екенін айтып ақталды.

Бекнар Берікұлы, Әуезов аудандық әкімдігінің бас маманы:

– Талап бойынша бұл жер құқығы жеке меншікке тиесілі. Жоба бойынша құрылысқа қарастырылмаған. Ертеңгі күні де рұқсаттама құжат алуға өтініш берсе де, біздің құзырет шегімізден ол кісі бас тарту алады.

Жергілікті әкімдіктің уәжіне көңілдері толмаған тұрғындар енді сотқа арызданбақшы. Ал кәсіпкер өзіне тиесілі аумақты қоршап алса, балалар ойын алаңынсыз қалғалы тұр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Эдуарад Кон

Хабар 24 телеарнасы