419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысындағы құс фабрикасы тоғыз айда 90 млн жұмыртқа өндірді

  • 126
  • UPD: 01:38, 24.11.2020

Алматы облысы, Жамбыл ауданында орналасқан «Сұңқар» құс фабрикасы қысқа ғана мерзімде өнімін үш есеге ұлғайтты.

Осыдан сегіз жыл бұрын ашылған фабрика биылғы тоғыз айдың өзінде 90 млн жұмыртқа өндірген. Карантин кезінде бір күнге де жұмысын тоқтатпаған өндіріс орнында бірде-бір адам қысқарған жоқ.

«Сұңқар» құс фабрикасы заманауи технологиямен жабдықталған. Тауық қораларда санитарлық тазалық талаптары қатаң сақталады. Күн сайын мұнда 350 мың жұмыртқа өндіріледі. Жалпы фабрика ашылғанда 55 адам жұмыс істесе, қазір жергілікті 100 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Барлығы жақын маңдағы ауыл тұрғындары.

Дамир Исалы, «Сұңқар» Алматы құс фабрикасы» ЖШС қызметкері:

– Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме 4 жыл болды. Ұнайды. Үйдің жанында. Осы ауылда тұрамыз. Осы жерде жұмыс істейміз. Карантин кезінде бір уақытқа да тоқтаған жоқпыз. Жалақыны уақытылы аламыз, кей кезде ертерек те береді.

Фабрикада жұмыртқаны іріктеп, сұрыптайтын арнайы цех бар. Бұл жердегі жұмыс екі ауысымда атқарылады. Жұмыртқа әлеуметтік маңызды тауарлар санатына кіреді. Сондықтан тапсырыс көп. Ал орташа жалақылары 190 мың теңгеге жуық.

Дмитрий Чалых, «Сұңқар» Алматы құс фабрикасы» ЖШС бас директоры:

– Пандемия кезінде жұмыс тоқтаған жоқ. Қосымша 18 жұмыс орнын аштық. Біздің жұмыртқаға сұраныс жоғары. Алматы мен Алматы облысын ғана емес, еліміздің оңтүстік өңірлерін де сапалы өніммен қамтамасыз етеміз. Ал биыл еліміздегі 500 серіктестіктің ішінде үздік үштікке кірдік. Бұл айтарлықтай зор жетістік деп санаймыз.

Биыл «Сұңқар» құс фабрикасы жылдық жоспарды уақытынан бұрын орындап үлгерді. Өндірісі өркендеп жатқан фабриканың жетістіктері де жетерлік.  2013 жылы ТМД аумағындағы ең үздік агроөндірістік кәсіпорын атанса, биыл «Әлемдік сапа» белгісін иеленді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы