419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында мал қырылып жатыр

  • 226
Атырау облысында мал қырылып жатыр

Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат ауылында 20-ға жуық ірі қара өлген.

Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Өйткені ауырып жатқандары да бар дейді жергілікті тұрғындар.

«Малым – жанымның садағасы» дейтін Жарсуат ауылының тұрғандары үшін бұл жағдай оңайға соқпады. Лаура Қапашованың қорасында тұрған қос сиырының біреуі күні кеше өлген. Екіншісінің де жағдайы мәз емес. Сауып сүтін ішуге де, сойып, етін жеуге де келмейді. Тұрғындар маңдай термен баққан малын пайдаға жарата алмағанына ашынып отыр.

Лаура Қапашева, Жарсуат ауылының тұрғыны:

– Кеше біреуі өлді. Енді мынау екіншісін алып келіп еді. Бұл да кешеден бері ауырып жатыр. Бұл да өлетін шығар деп ойлаймын.

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға сол маңда егін егетін шаруа қожалығын кінәлап отыр.

Себебі жеке кәсіпкер жазғы маусымда 10 га жерге картоп пен пияз еккен. Бар өнімді жинап алған шаруалар пісіп үлгермеген пиязды сол күйі тастап кеткен. Күн суытқан уақытта үсіп те үлгеріпті. Пайдаға жарамайтын болғаннан кейін егістікті тастап, қоршауын бұзып алып кеткен көрінеді. Осылайша сол жерге барған малдың қорегі пияз болған. Салдарынан ірі қара ауру болып, қырылып жатыр.

Дарын Шамұратов, Индер ауданы әкімінің орынбасары:

– Өлген малдардан сынама алынып, облыстық мал дәрігерінің зертханасына жолданды. Бір аптаның ішінде қорытындысы шығатын болады. Қорытынды шыққаннан кейін біз жергілікті тұрғындарға, БАҚ-қа хабарлама беретін боламыз. Сол қорытынды арқылы нақтылы шаралар қабылданатын болады.

Арнайы мамандардан құралған комиссия қазір Жарсуат ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ егістіктің орны да түгел тазартылыпты. Жергілікті биліктің айтуынша, малы қырылған тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі бұл іске кінәлі анықталғаннан кейін ғана шешілмек. Айта кетейік, дәл осындай жағдай 2013 жылы қала іргесіндегі Алға ауылында да орын алған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы