419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ірі мейрамханалар желісі қызметкерлеріне еңбекақы төлемей отыр

  • 100
  • UPD: 00:18, 24.11.2020
Ірі мейрамханалар желісі қызметкерлеріне еңбекақы төлемей отыр

Алматыдағы ірі мейрамхананың 30 қызметкері екі айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр.

Берешектің жиынтығы 2 млн теңгеге жуық. Көпшілік тамақтанатын орынға жаңа қожайын келген соң ешқандай себепсіз жұмыстан шығарылған жастар адал еңбекақысын ала алмай, бейбіт жиын ұйымдастырды.

Тоқтар Апьян 7 ай даяшы болып қызмет еткен. Айтуынша, бұған дейін маңдай терінің ақысын бөліп-жарып болса да, алып жүріпті. Мейрамхана иесі ауысқан соң Тоқтар өз еркімен жұмыстан кеткен. «Енді қалған 150 мың теңге айлығымды ала алмай жүрмін», – дейді ол. Борышкер күнде ертеңмен уақыт созуда.

Тоқтар Апьян, мейрамхананың бұрынғы қызметкері:

– Менің де өзімнің отбасым бар. Жалдап отырған пәтерім бар. Осы бір айлық пәтерді төлеу үшін банктен несие алдым.

Пандемия кәсіпкерлік нысандарына салқынын тигізгені рас. Бірақ, наразы топтың айтуынша, мейрамхана табыссыз емес. Бір даяшы кешке 300 мың теңге шамасында есеп тапсырады екен. Ал мейрамханада бір күнде 4 даяшы жұмыс істейді. Айта кетейік, мейрамхана мен қызметкерлер арасында ешқандай келісімшарт болмаған. Бұл жұмыс берушіні артық міндеттемеден құтқарады әрі салықтан жалтарудың оңай жолы.

Әлібек Мұсаев, мейрамхананың бұрынғы қызметкері:

– Жұмыс істеп жүргенде күнде кассаны көремін. 250-300 мың теңге өткіземін. Менде чектері бар. Маған алғашқы апта үшін 30 мың теңгеге жуық төледі. Одан кейін төлемеді.

Түсіру тобы келген соң мейрамханалар желісінің өкілі наразы топпен кездесуге шықты. Өзін Елена деп таныстырған азаматша бұл мәселеден мүлде хабарсыз екен.

Елена, компания өкілі:

– Бұл туралы қазір айтылып жатыр. Тіпті басшылық алдында да көтерілді. Бұрынғы директор бұл мәселе туралы құрылтайшыға айтпаған. Бір ғана айтарым: бұл құрылтайшымен мен 10 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Еңбекақымен мұндай мәселе болмаған.

«Осылай деп ақталған басшылық өкілі мәселені 10 күн ішінде шешеміз», – дейді. Алайда қызметкерлер бұған сенбей отыр.

Елена, компания өкілі:

– Компанияның құрылтайшысы еңбекақы бойынша қарызды 10 күн ішінде төлеймін деп өзіне міндеттеме алды. Менің басқа айтарым жоқ.

Жастарды арзан жұмыс күші ретінде пайдалану, еңбекақысын уақытында бермеу қоғамда жиі кездеседі. Табанынан тозған жастар мәселені шеше алмай, несиемен күн көруге мәжбүр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы