419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жезқазғанда 9 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

  • 131
  • UPD: 15:54, 24.11.2020

Осыдан тура екі жыл бұрын бюджеттік мекеме қызметкерлеріне жалдамалы пәтер берілген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді босатыңдар деген ескерту қағазы келіпті. Олардың айтуларынша, үйді үлестіргенде комиссия қателік жіберген.

Жезқазған қаласындағы мына 5 қабатты үй осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген. Сол кезде көпшілікпен бірге кезекте тұрған бюджеттік мекеменің 9 қызметкері де баспаналы болған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Жуырда оларға пәтерді босатыңдар деген ескерту қағазы келген. 

Гүлдана Наурызбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Бұл жерде қателік біздікі емес. Әкімшілікте отырған адамдардың қателігі. Неге біз жауап беруіміз керек, қарапайым халық. Ешкімге ақша, пара берген жоқпыз. Өз кезегімізбен тұрып алынған үй. Енді қарапайым халық зардап шегуде.

Тұрғындардың айтуларынша, тұрғын үй комиссиясы пәтерді бөлгенде қателік жіберген. Бұл заңсыз әрекетті тексеріс барысында прокурорлар әшкерелепті. Енді соңғы шешімді сот шығаруы тиіс. Әзірге алғашқы отырысы өтті. Ескерту алғандардың бірі – бес баланың анасы Ұлтуған Әжібекова. Ол баспанаға кірмес бұрын күрделі жөндеу жүргізіп, қыруар қаржы жұмсаған.

Ұлтуған Әжібекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Әкімдіктегі заңгердің айтуы бойынша, қазір салынып жатқан, берілетін үй жоқ. Енді ЖКХ-ның қазіргі бастығы соттың шешімін күтіңіздер, соған қарай көреміз деп уәде беріп кетті.

Қыстың көзі қырауда далада қалмас үшін 9 отбасына жылу маусымы аяқталғанша тұруға рұқсат берген. Бірақ сот шешімі прокурорлардың пайдасына шешілсе, олар көктемде үйді босатуы тиіс. Оның үстіне пәтер алған соң, бұл адамдардың барлығын кезектен шығарып тастаған. Дегенмен жергілікті билік ешқайсысын баспанасыз қалдырмаймыз деп ант су ішіп отыр.

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

– Тұрғын үй комиссиясынан қате кеткен. Олармен мен кездестім. Әрине, олардың жағдайын түсінеміз. Қазіргі кезде әр адамға баспанасыз өмір сүру мүмкін емес. Олардың ешқайсы да үйсіз қалмайды.

Тұрғындардың ендігі үміті соттың шешімінде. Айта кету керек, осындай дүрбелең туғызып, құжаттан өрескел қателік жіберген жауапты маман тек ескертумен құтылыпты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы