420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордалық автобус парктеріне 800 жүргізуші жетіспейді

  • 97
  • UPD: 22:07, 24.11.2020

Автобус көп, жүргізуші жоқ. Еліміздің бас қаласында қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан шаһар тұрғындары күннің суығында автобусты сағаттап күтеді. Ал, таңғы және кешкі қарбаласта жағдай тіптен ушыға түседі.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Сағат 09:00 мен 10:00 арасы. Жұмысқа асыққан халық. Лық толы автобус. Мұндай жағдайда арақашықтықты сақтау мүмкін емес. Сақтықтан гөрі халықтың межелі жерге уақытылы жетсем деген ниеті басым.

Ия, қарбалас уақытта арақашықтықты сақтау жайына қалатыны рас. Өйткені аялдамада ұзақ күткен автобусынан ешкімнің де қалғысы жоқ.

Блиц 1:

- Мен 20-25 минут тұрамын осы жерде. 33-ті тосқан адамдар көп. Осы 33 ылғи кешігіп жүреді, ең бір сорлы маршрут.

Блиц 2:

- Автобусты көп уақыт күтеміз, қазіргі аяз кезінде тіпті. Біз Нұрлы ауылына барамыз. Бір сағатта бір болады, оны да алып тастайды кейде.

Блиц 3:

- Мына автобус уақытында келмейді, міне. 22-ні күтіп тұрмыз, уақытында келмейді. Ұзақ күтеміз.

Асыққан жолаушы бір-бірінің үстіне мінгессе де, қалаған жеріне жетеді. Ал сол автобустағы адам санын азайту үшін қосымша 100 көлік керек. Қоғамдық көлік тасымалына жауапты мекеме өкілдері осылай дейді. Елдің жұмысқа барар және қайтар уақыттағы қарбаласта жүктемені азайтуға автобус парктерінің күші жетпей жатыр.

Мәди Сарбасов, Көлікті бағдарлау департаменті директорының орынбасары:

- Бір бағытқа орта есеппен 15 автобус пен 30-35 жүргізуші керек. Өкінішке қарай, бізге қазір 800 автобус жүргізушісі жетпейді. Бұл екі ауысымдық жұмысты ескергендегі жағдай. Бір бағыттағы автобус 12-18 сағат желіде істесе, тиісінше, 1 автобус артығымен керек.

Қордаланған көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін ұзын саны 800 жүргізуші  қажет. Мекеме 82 автобусты қазір-ақ желіге шығаруға әзір. Бірақ оны жүргізетін 80 адамға зәру. Көлік саласының ардагері  Болат Әмірбеков маман тапшылығын мардымсыз жалақымен байланыстырады:

Болат Әмірбеков, Көлік қатынасы саласының ардагері:

- Жүргізушілердің айлығы төмен. Бұрын олар жүргізіп жүргені үшін, содан кейін билет сатқаны үшін ақша алатын. Екі есе айлық алатын. Қазір СТС дейді, бұрынғы ЛРТ, қазір олар билет сатады, билет емес транспорттық карта ғой енді. Шопырлар айлықтан 30% айырылып қалды. Содан кейін 300 мың алу үшін мөлшерінен тым көп жұмыс жасайды.

Сөйтіп, ауысыммен айына 170 сағат жұмыс істеудің орнына автобус жүргізушілері 300 сағатқа дейін желіде жүруге мәжбүр. Яғни, күніне 18 сағатқа дейін жұмыс істеп, ұйқыға үш-төрт сағат қана бөледі.

Мәди Сарбасов, Көлікті бағдарлау департаменті директорының орынбасары:

- Жүргізушінің жұмысы өте ауыр. Кейде жолаушылар жолақысын төлемейді немесе жанжалдасып қалуы мүмкін. Бұл да жүйке жүйесіне түсетін салмақ. Кейде жұмыстан шығып, біраз демалып, жұмысқа қайта кіретіндері бар.

Ауысымсыз ауыр жұмысқа шыдамай, тек соңғы айда тағы 200 адам қызметін босатқан екен. Жалпы жауапкершілігі жоғары мамандыққа қойылар талап та жоғары. Түйін – жұмыс жағдайы оңалмай мәселе шешімін таппайтын сыңайлы.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Наурыз Базаров, Ерғали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы