417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраудағы тоқыма фабрикасы жұмысын тоқтатуы мүмкін

  • 159
  • UPD: 22:11, 24.11.2020

Атырауда Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында осыдан бес жыл бұрын қолға алынған кешенді жоба жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құны 2 миллиард 400 миллион теңгелік жүн өңдеу және тоқыма фабрикасы құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Отандық жеңіл өнерәсіп саласындағы аса маңызды кәсіпорынға салынған қаражаттың жартысынан көбі мемлекеттікі болатын. Алайда, шикізаттың тапшылығы мен тапсырыс болмауы себепті кәсіпорын тұйыққа тіреліп, мамандар жұмыстан кетіп жатыр.

Фабриканың өндірістік қуаты жылына 350 тонна қой жəне 100 тонна түйе жүнін өңдеп, жалпы көлемі 400 мың метрге дейін тоқыма өнімдерін шығаруға молынан жетеді. Кәсіпорын бастапқыда тұтынушыға ондаған өнім түрін ұсынып келген. Алайда, табиғи таза өнімге сұраныс жоқ. Осылайша, табыстан қағылған кәсіпорын несие төлемек тұрмақ, жұмысшыларға жалақысын уақытында тауып бере алмай отыр. Фабриканың коммуналдық мекемелерге бережағының өзі 7 млн теңгеден асыпты. Енді жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр.

Салтанат Мұхамбетова, тігін цехының меңгерушісі:

- Жұмысшыларымыз көп болды кезінде, бірақ сол айлық бере алмағанның кесірінен көптеген білімді, әрбір аппаратты білетін, машиналарды білетін адамдар жұмыстан шығып кетті. Бізде қазір шикізат бар, бізге тапсырыс болса, сол тапсырыс жоқ. Ал біздің енді қолымызға келген тапсырысты барлық уақытта орындауға күшіміз жетеді, машиналардың барлығы жасап тұр.

Кәсіпорын былтырға дейін жұмысын жалғастырып келген. Бірақ биыл індетке байланысты тапсырыс азайып, жұмыс жүрмей қалды. Жобаға салынған 2,4 млрд теңге инвестицияның 49%-і, яғни 1,6 млрд теңгесі «Атырау» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорация арқылы тартылған еді. Яғни, бұл кəсіпкерлікті қолдау үшін қарызға берілген мемлекеттің ақшасы.

Нұрлан Қаппаров, «Атырау» ӘКК департамент директоры:

- Жүн тапсыратын мекемелер аз. Сонымен қатар пандемияға қарсы оларда жұмыстары тоқтап қалып жатыр, жұмысшылары азайып қалып жатыр. Шетелден келетін технологтардың мына пандемияға қарсы келмеуіне байланысты, тағы белгілі мамандардың келмеуіне байланысты олардың да жұмысы тоқтап қалып отыр.

Бүгінде шаруалар қырқылған жүнді өңдейтін орын таба алмай, жерге көміп немесе өртеп жатыр. Ал осы олқылықтың орнын толтырады деген кәсіпорынның жағдайы осы. Бүгінде кешенді жобаның жұмысын жолға қою үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқа инвестор іздеп жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы