419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да ГЭС салған 161 адам жарты жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр

  • 101
  • UPD: 22:13, 24.11.2020

Шығыста «Тұрғысын» гидроэлектр станциясын салып жатқан 161 жұмысшы көктемнен бері еңбекақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтай ауданында бой көтерген стратегиялық нысанның құрылысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған.

Бүгінде мердігер компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 30 миллион теңгеден асты. Жалақыға қатысты алашағын айтып, жұмысшылар түрлі құзырлы органдарға шағымданған. Алайда нәтиже болмаған соң біздің арнадан көмек сұрады.

Олжас Керейхан, тілші:

- «Тұрғысын» гидроэлектр стациясы құрылысын салып жатқан әрбір жұмысшы қазір еңбекақы мен зейнетақыға қатысты есеп жазылған құжат құшақтап жүр. Барлығы да Алтай ауданының халқы. Көбісі гидротехникалық нысанның құрылысы бастаған күннен бері жұмыс істеген. Алайда кейбір жұмысшылар жарты жылдан бері еңбекақыларын дұрыс ала алмай жүр.

Виктор Сеитов, Алтай ауданының тұрғыны:

- Мамыр айынан бері еңбекақыны алмадық. Бір тиын бермеді. Алтай қаласындағы прокуратураға, «Nur Otan» партиясына арыз-шағым жаздық. Бірақ олар бізге әлі жауап бермей отыр.

Гидроэлектр станциясының құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Жалақы қарызына қатысты дау бұған дейін бірнеше рет туындаған. Еңбек инспекциясы тексеріп, мердігерді әкімшілік жауапқа да тартқан. Ал бұл жолы тіпті тмәселеге сот орындаушылары араласты.

Ерасыл Мұхтаров, Алтай ауданы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы:

- 161 адамның алдында берешек бар екенін анықтадық, жалпы сомасы 31 миллион теңгеге жуық. Берілген ұйғарымдар сот орындаушыларына жібердік. Осы аптаның аяғына дейін қарыз төленеді деп тосамыз.

Құрылыс жұмысына жауапты мекеме басшысы тілшілерімен тілдесуге құлық танытпады. Ал ГЭС-ті салуға тапсырыс берген құрылтайшылар мердігерге қаражатты толық аударғанын айтады. Енді жұмысшылардың жалақы қарызын құрылтайшы өзі өтемек.

Қалау Баймұханбетов, ГЭС салуға тапсырыс беруші компания директоры:

- Бүгін шешім келді. Тапсырыс беруші компанияның құрылтайшысы өз ақшасынан қаржылай қолдау көрсетем деп отыр. Жұмысшылардың қарызын төлейміз.

Жұмысшылар үшін қаражаттың қай мекеменің, кімнің төлейтіні маңызды емес. «Тек табан ақы, маңдай термен тапқан табысына қол жеткізсек болғаны», дейді. Өйткені көбі ауылдағы дүкендерге берешек. Кейбірінің қарызы 200 мың теңгеден асады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы